18 Мамыр, 2010

АТБАСАР АЛҚАПТАРЫНДАҒЫ МОЛШЫЛЫҚ ШУАҒЫ

576 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Әдетте жаңа тағайындалған әкім­­нің өңірлерді аралап, аудан­дар­дың күш-қарымын салыстырмалы түрде бағамдап, жоспар-жобалар түзетіні қалыптасқан жағдай. Ақмо­ла облысының тізгінін ұстаған Сер­гей Дьяченконың Атбасардағы актив жиналысында жүзі жадырап, жалындатып сөйлегенін көрдік. Оның: “Мен бүгін аумағы ғана емес, атқарып жатқан үлкен әрі өне­гелі істері бар аудан тұрғын­дары­мен емен-жарқын әңгімелес­ке­німе қуаныштымын”, деген сөз­дерін өзі ұзақ жылдар қызмет ат­қарған Парламент мінберінен айтылғандай сезінгенбіз. Сергей Александровичтің мұнысы жарасып та тұрғандай еді. Өйткені, мемле­кет­тік мәселелер ел ішінен бастау алады. Сол мемлекеттік мәселенің бірі – аграрлық секторды жаңаша да­мы­ту. Атбасардың бұл бағыттағы аты озық, яғни назар саларлық тә­жі­рибелер жинақтаған десек бола­ды. Оны былтырғы жылы осы аудан­ның аумағында егіншілік са­ласын әртараптандыру, майлы да­қылдар өнімділігін арттыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын жанданды­ру, жастарды ауылда тұрақтандыру, тағы басқа өзекті мәселелерді тал­қыға салған облыстық, аймақтық семинар-кеңестер өткізілгенінен де аңғарасыз. “Бастау” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің күрежолға таяу алқабынан аудан әкімінің орынба­са­ры Жоламан Қаженовтің көлігін танып тоқтағанбыз. Жанында ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Жылқайдар Рыскелдинов пен се­рік­тестік директоры Темірхан Мұ­қышев бар. Көз таныстар “құтты қонақ келсе, қой егіз табады” деп ашық-жарқын амандасты. “Қойма мен қора ырысқа толсын” деп жатырмыз. “Бастаулықтар” былтыр ерлеген. Гектар түсімділігін 21 цент­нерден айналдырып, аудандық бәйгенің төрінен көрінген Те­мір­­хан­ның қолын ықы­ластана қыс­қа­ны­мызбен, тұйықтау жігіт сыр аша қой­ма­ды. Бірақ, басшы­лар­дың буырқанған көк­темгі дала демімен ты­ныстап тұрғаны­нан-ақ биылғы бе­ре­кенің олқы соқпай­тынын сездік. Жылқайдар да ашы­лып-ша­шы­ла қоймайтын жан. Оны-мұны сұ­рақтармен жұлмалап жатырмыз. Пап­касынан алып нау­қандық жұ­мыс жоспарын, қос па­рақ­тық же­дел ақпаратты қолымызға ұстатты. Енді бұрылып алып жүре беретін шығар десек, олай ететін түрі кө­рін­бейді. “Сіздерді не қы­зық­ты­ра­ды?” деп қойын кітап­ша­сын парақ­тай бастады. “Бізді бәрі қызық­ты­рады”. Көзі алайып ба­рып, шеші­ліп берсін. Қолымыздағы қағазды көңіліндегідей сөйлете алмайты­ны­мызды білсе керек. – Ауданымызда 321 шаруашы­лық құрылымы тіркелген, оның 53-і ЖШС, 268-і шаруа қожалықтары, – деп қойылған міндетті атқара алатын қарымымыз бар дегенді аңғартып бастады. Биыл 452284 гектарға ауылшаруашылық дақыл­дары егіледі. Көп жылғы тәжірибе мен нақты сұранысты ескеріп, сала құрылымын әртараптандыруды жалғастырамыз. Негізгі дақыл би­дай 386,5 мың гектарға себілетін бо­лады. Бұл 2009 жылғыдан аз. Есесіне, бұршақ дақылдары был­тырғы 150 гектардың орнына 750 гектарға, майлы дақылдар 5796 гек­тардың орнына 12151 гектарға ұл­ғаяды. Биылғы ерекшелік парлы алқаптар көлемін 26236 гектарға көбейтіп, 49648 гектарға жеткізуде болып отыр. Яғни, сапаны арттыру арқылы аздан көпке қол жеткізу міндеті қойылып отыр. Әр цифрға мағына-мән беретін маманның сөзіне қарағанда, диқан­дар жылдың ең жауапты науқанына тыңғылықты дайындықпен кірісіп отыр. Қысқы уақытта 213,4 мың гектарға қар тоқтатылып, 51638 тон­на тұқым бапталды. Оның 93 пайызы 1 және 2 кластық өнгіштік стандартқа жеткізілген. Күн қы­зы­сымен тұқым қоры дәріленіп, ашық аспанда желдетілуде. Көктем­гі дала жұмыстарына 872 трактор, 137 топырақ қопсытқыш, 126 куль­тиватор, 1458 тұқым сепкіш және 78 қуатты себу кешені қатысты­ры­лады екен. Осы орайда, соңғы үш жылда ауданның техника паркі анағұрлым жаңарғанын айтуымыз керек. Яғни, жалпы құны 7 мил­лиард теңгеге 87 трактор, 78 себу кешені, 180 астық комбайны, 17 тың­айтқыш шашыратқыш және басқа құралдар сатып алынған. Жұмыс жоспары бойынша нау­қан­дық жұмыстарды алаңсыз ат­қаруға 6805 тонна дизель отыны қа­жет болса, оның 65 пайызы қой­маларға жеткізіліпті. Қалғаны ке­піл­дік кестеге сай тасымалданып жа­тыр. Ауданға 600 тонна мине­рал­ды тыңайтқыш бөлінген. Оның сыр­тында, шаруашылықтар 789 тон­на тыңайтқышқа тапсырыс беріп, ақшасын төлеп қойды. Оның 600 тоннасы тасымалданып алын­ған. Сондай-ақ, тұқым себу алдын­да 20500 гектар алқап химиялық жолмен өңделмек. Барлық механизаторлар меди­ци­налық байқаудан өткізілгендігі де маңызды. Олар дала қостарына шығып, агрегаттарын құрастырып, жабдықтау жұмыстарын аяқтап жатыр. Жекелеген шаруашылықтар іріктеп ылғал жабуды бастап та кетті. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Атбасар ауданы. ҚАРАСАЙЛЫҚ ДИҚАНДАРДЫҢ ҰТЫМДЫ ІСТЕРІ Көктем – диқан қауымы үшін жауапты шақ. Өйткені, бір күнгі тынымсыз тірлік ертеңгі мол­шы­лық­қа негіз қалайтынын олар түсі­не­ді. Сондықтан да егістікті агро­техникалық шараларға сай өңдеу жұмыстары жалғасқан. Аудандағы 13 ауылдық әкімдік аумағындағы 44770 гектарға егілетін дақыл­дар­дың тұқымы зертханада сараптама­лық тексеруден өткен. Енді аз күнде 1036 тонна масақты дәнді дақыл, 15600 тонна картоп, 6 тонна көкөніс, 21 тонна жоңышқа жерге сіңірілетін болады. Бұл жұмыс­тар­дың белгіленген мерзімде аяқта­луына 833 трактор мен 1221 ауыл шаруашылығы техникалары, 667 агрегат қатыстырылуда. Жыл сайын саланың табысты қорытындылануынан шаруа қо­жа­лықтарының өздерін жаңа техни­ка­мен қамтамасыз етуі жақсарған. Ағымдағы жылы ғана олар 11 млн. теңге тұратын жаңа тракторлар алып, мәшине-трактор шеберхана­сын жаңартса, науқанға қажетті жа­нар-жағармаймен толық қамта­масыз етіліпті. Мемлекет тарапынан субсидия­лан­дырылған арзан бағамен 310 тонна минералды тыңайтқыш алы­нып, шаруаларға бөліп берілетін болыпты. Десек те кейбір ауылдық әкімдіктердегі егістік жер толық пайдаланылмай, бос жатқандықтан, биыл бұл кемшіліктен қорытынды шығару мәселесі жан-жақты қолға алыныпты. Сонымен қатар Жан­досов ауылындағы алма бағының кө­лемін қалпына келтіру, күту, өнім мол­шылығын жасау жөнінде де нақ­ты істер қолға алынғаны қуантады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.