Аймақтар • 19 Мамыр, 2022

Ахмет Байтұрсынұлының туған үйін қайта жаңғырту жұмысы тоқтатылды

523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде салынуы тиіс құрылыс нысаны төңіргенде дау шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ахмет Байтұрсынұлының туған үйін қайта жаңғырту жұмысы тоқтатылды

Әлеуметтік желіде Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлының туған үйінің сүріліп, қайта салынып жатқаны түсірілген бейнежазба тарады. Автордың айтуынша, құрылыспен айналысып жатқан мердігер жауапсыздық танытып отыр.

«Бүгін Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбектегі Ахмет атаның түгел сүріліп, қайта тұрғызылғалы жатқан құрылыс басына барғанбыз. Құрылыс жөнінде жарияланған тендерді сырттан келген жігіттер ұтып алған екен. Ал мына бастаған құрлыстарына мүлде көңіл толмайды. Ойларына ерен тұлғаға әрең дегенде, зарығып жетіп салынып жатқан дүние екені кіріп те шықпайды. Әңгімелеріне қарасаң, тура бір жай сарай тұрғызып жатқан сияқты. Проектіні оқиық, сызбасында қай жерінде қандай материал қажет деп жазыпты, көрейік десек, көрсетпейді. Ал құйған фундаменттері мүлде талапқа сай емес. Ауылда қораның іргетасына салынатын тастардан қалап жатыр. Қабырғасына деген кірпіштерінің де сапасы төмен. Әрі кетсе екі-үш жылда мына іргетас пен мына кірпіш жарылады.

Құрылыс жайын Ақкөлдегі Қожа ағамыз аудан әкіміне ескерткен. Бірақ аудан әкімі де құлықсыз сияқты. Екі ауылдың әкімдерінің тіпті бас қатырғылары келмейді. Елі үшін құрбан болған атамызға үкіметтен бұдан кейін қаржы бөлініп, бірдеңе тұрғызылады деу қиын. Осының өзін ойбайлап жүріп тұрғызайын деп жатқанда мына жасалып жатқаны сұмдықтың өзі, нағыз масқара! Бөлінген қаражат құрлысшыларға тегіс жетпеген болар, тендердің сондайы бар ғой», деді бейнежазба авторы. 

Ғаламторда көптің талқысында түскен осы оқиғаға байланысты Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. 

«Бүгін Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлының туған үйін қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты сын-пікірлер келіп түсті. Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Жангелдин ауданының әкімдігі жөндеу жұмыстарына байқау жариялап, мердігерді анықтап, құрылыс жұмыстарын бастаған. Алайда орын алған жағдайға байланысты облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов аталмыш үйдің құрылыс жұмыстарын тоқтатып, аудан әкіміне ескерту жасады», деп жазды Қостанай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Кенже Қонысбай.

Сондай-ақ ол алдағы аптада облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың Ахмет Байтұрсынұлының ауылына жұмыс сапары жоспарланғанын жеткізді.

Сапар аясында құрылыс жұмыстарына қатысты ұсыныстарды тыңдап, тиісті шешім қабылдайтын болады.