Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында рұқсаттар мен хабарламалар, денсаулық сақтау жүйесі туралы заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, депутаттар күн тәртібінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге қатысты заңдық құжаттарды да талқыға салды.
Алдымен Президент шұғыл деп жариялаған «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң жобасы және оған ілеспе заңдық құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Негізінен, бұл заңдық құжат рұқсат беру жүйесін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді пайдалана отырып реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, заң еліміздегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, оның қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделері нақты айқындалып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев заң жобасының еліміздегі рұқсат беру жүйесі проблемаларын шешуге бағытталатынын атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы рұқсаттамалардың толық тізбесі жасалады. Жаңа рұқсаттар беруді енгізуде реттеуші әсерлерді талдау қолданылады және рұқсаттар қауіптілік дәрежесі бойынша санаттарға бөлінеді. Министр, сондай-ақ, барлық рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырудағы бірыңғай стандартталған тәсілдерді бекіту және «бір терезе» қағидаттарын неғұрлым кеңінен қолдану көзделгендігін де ортаға салды.
Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы шағын бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстар әлі де жеткіліксіз екеніне ерекше тоқталды. Қ.Жақыпов еліміз экономикасында шағын және орта бизнес үлесі 17 пайыздан аспайтындығын айта келіп, оның көлемін кемінде 50 пайызға жеткізу жағын ойластыруға шақырды.
Бұл тұрғыдан келгенде, рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңның маңызы зор, алайда бұл құжаттың өзі де экономиканың ауқымды үлесін, соның ішінде банк саласын, рұқсат берулерді, жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету бойынша мәселелерді түгелдей шеше алмайды. Үкіметтің осы бағытта жұмысын жалғастыратынына сенім білдірген Төраға бүгінгі күні рұқсат беру жүйелері әлі де тиісті деңгейде реттеліп отырмағанына назар аудартты. Заң жобасында рұқсат пен хабарламаның 54 пунктін жою тетіктері көрініс тапқанымен, әлі де 737-сі қалып отыр. «Бізде көптеген орган өзіне бизнестің қандай да бір деңгейде тәуелді болғанын қалайды. Осымен күресуге тиіспіз. Бұған барынша салмақтылықпен қарап, шағын және орта бизнеске мүмкіндігінше жағдай жасауымыз керек», деді Қабиболла Қабенұлы.
Палата «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында жаңа тәсілдер айқындалып, қоғамдық қатынастарды дамытудың жаңа деңгейі белгіленіп отырғандығын ерекше атады. Ал заң жобасының мақсаты – қолданыстағы заңнамалық олқылықтарды жою, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету. Заң жобасында тіндерді (тіннің бөлігін) және ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауға қатысты нормалар едәуір жетілдіріліп отыр. Министр трансплантация үдерісін жетілдіру және донорлар мен олардың клиенттерінің құқығын қорғау мақсатында гемопоэтикалық тін жасушаларын транспланттауды реттеу мәселесі қарастырылып отырғандығын атап өтті. Тірі донордан ұлпа немесе органды алу тек қана оның жазбаша нотариалдық куәландырылған келісімімен жүзеге асатын болады. Ал гемопоэтикалық тін жасушаларын алуға ондай нотариалдық куәландырылған келісім талап етілмейді.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Құжат жобасы сот төрелігін жүргізудің тиімділігін арттыруға конституциялық құқықты сақтау мен қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртуға бағытталған. Әсіресе, қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату көзделеді. Адвокаттардың сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуы кеңейтіледі және сот ісін жүргізу де жеңілдетіледі. Өйткені, үлкен көлемді тергеу және сот әрекеттерін жүргізудің қажеті болмай қалады.
Бұдан басқа, жедел іздестіру шараларын жүргізу тәртібі реттелген. Прокурордың санкция беруі азаматтарды олардың жеке өміріне қолсұғылмаушылық конституциялық құқығының бұзылуынан қорғауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Соттың сотқа дейінгі іс жүргізуді бақылауын кеңейту мақсатында қылмыстық процеске тергеу судьясы институты енгізілетін болады. Оған жекелеген тергеу әрекеттеріне санкция беру, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тараптардың шағымдары мен өтінішхаттарын қарау өкілеттігі бекітіліп берілмек. Азаматтардың қылмыстық процестегі құқықтарын күшейту мақсатында куәнің, жәбірленушінің айғақтарын сақтауға беру кезінде тараптардың бірдей қатысу жағдайларына кепілдік беретін норма да назардан тыс қалмаған. Және де кодекс жобасын талқылау барысында бұлтартпау шарасын қолдану кезіндегі кепілдің мөлшері елеулі түрде (екі есеге дейін) азайтылған. Айрықша жағдайларда, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қатысты кепілдің мөлшері ең төменгі мөлшерден де аз қолданылуы мүмкін.
Палата, сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қолдады. Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтің айтуынша, өзгерістер аталған конституциялық заңдарды қолдануда құқықтық қайшылықтар мен олқылықтардың орын алмауын қамтамасыз ететін болады. Жалпы, заң жобасы қабылданса, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық қолсұғушылықтан тиімді қорғау қамтамасыз етіледі.
Күн тәртібінің соңғы мәселесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданғанын айта кету керек. Мұндағы негізгі мақсат – қолданыстағы заңнаманың нормаларын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасына сәйкес келтіру.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».