ЕҚЫҰ аясында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру Ұйымның төрағасы ретінде еліміз үшін басымдықтардың бірінен саналады. Осы мақсатпен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ауғанстан Ислам Республикасына жұмыс сапарымен келді.
Алдымен ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің әріптесі, Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жайы сөз болды. Әсіресе, ауғандық студенттерді Қазақстанда оқыту барысына арналған жобаның жүзеге асуы үшін үкіметаралық комиссия құру жайына да назар аударылды.
Еліміз осы ретте ЕҚЫҰ шеңберінде, сондай-ақ екі жақты уәжде сауда және гуманитарлық салалар бойынша көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді. З.Расул Қ.Саудабаевты Кабулда өтеді деп жоспарланып отырған халықаралық конференцияға қатысуға, өз кезегінде Қ.Саудабаев ауғандық әріптесін Қазақстанға ресми сапар жасауға шақырды. Мұндай барыс-келіс өзара ынтымақтастықты арттыруға тиіс. Қанат Бекмырзаұлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша былтыр осы елге сапар жасаған болатын. Соның нәтижесінде білім туралы келісімге қол қойылып, жақын 5 жыл аралығында мыңға тарта ауғандық жастарды әр түрлі мамандықтар бойынша оқытуға Қазақстан қолұшын береді деп шешілген-ді. Оған 50 миллион доллар қарастырылған. Бұған еліміз Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барып отырғаны баспасөз мәслихатында ашық айтылды.
Егер мұндағы жағдай тұрақты болмаса, онда ол Орталық Азия аймағына да өзінің салқынын тигізбей қоймайды. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Ұйымның барлық әлеуетін Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағыттайтын болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастама көтеруі де осындай маңызды мәселелерге байланысты туындап отыр. Егер халықаралық маңызды шара өте қалған жағдайда, ондағы басты тақырыптардың бірі Ауғанстандағы тұрақтылық жайы болатыны күмәнсіз. Өйткені, Ұйымға мүше 43 мемлекет осы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету барысына жұмылуда. Бұған еліміз де өзінің сүбелі үлесін қосуға әрекеттеніп келеді. Соның бір жарқын дәлелі ретінде Қ.Саудабаевтың екі келісімге қол қоюын келтіруге болады. Осы ретте Қазақстан Үкіметі мен Ауғанстан Үкіметі арасында Есірткі, психотроптық және соған теңестірілген заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және оларды тұтынуға қарсы күрес туралы ынтымақтастық келісіміне және екі ел Сауда-өндірістік палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Соңғы келісімге сәйкес Ауғанстанда Қазақстанның Сауда-өндірістік палатасының Өкілдігін ашуға лицензия берілді.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы тауар айналымы өсуге бейім екендігін көрсетті. 2007 жылы алыс-беріс көлемі 196,5 миллион долларды (экспорт – 192,5 миллион, импорт – 4 миллион), 2008 жылы 623,8 миллион долларды (экспорт – 617,1 миллион, импорт – 6,7 миллион), ал 2009 жылы 409,6 миллион долларды құраған. 2010 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында тауар айналымы 112,7 миллион долларға жетіпті. Ауғандық “Кам-Эйр” әуе компаниясы Кабул – Алматы – Кабул бағыты бойынша аптасына бір рет тікелей рейс жасайды. Бұдан басқа екі ел арасында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясы құрылған. 2007 жылы Кабулда Отанымыздың Ұлттық көрмесі ұйымдастырылған еді. Мұның барлығы екі жақты ынтымақтастықты арттыруға септесіп келеді.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Еуропалық Одақтың Ауғанстандағы арнайы өкілі Вигдаускас Ушацкаспен кездесуі барысында осы елдегі қазіргі ахуал әңгіме өзегіне айналды.
Сондай-ақ Қанат Бекмырзаұлы Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзаймен кездесті. Х.Карзай өз елінің Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бастамашы болып табылатын ЕҚЫҰ Саммитіне қатысатынын, тіпті Ауғанстан тақырыбының күн тәртібін әзірлесуге дайын екендігін білдірді. Сонымен бірге Ауғанстан Президенті Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын жеткізді. Ол сонымен қатар өзінің 7-9 маусым аралығында Ыстамбұл қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысына қатысатынын айтты.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрінің Ауғанстанға сапары былтырғы сапардың заңды жалғасы болып табылады. Мұнда тұрақтылық орнамай, Орталық Азия аймағында тыныштықтың болуы екіталай. Олай болса, аймақтағы көшбасшы ел ретінде Қазақстан өзінің бейбіткерлік миссиясын жете сезініп отыр деуіміз керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ – Кабулдан.
ҰЙЫМНЫҢ ҰЙЫМШЫЛ БОЛУЫ – БАСТЫ ҚАҒИДАТ
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің Ауғанстанға жұмыс сапарынан кейін Тәжікстанға ұшып келді. Мұнда ол Душанбе қаласында 18-20 мамыр аралығында өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) Сыртқы істер министрлерінің 37-ші кеңесіне қатысуда. Оның ресми ашылуы “Кохи Сомон” үкіметтік резиденциясында болып өтті.
Ұйым кеңесінің бұл жолғы отырысына Орталық Азия елдері де кіретін 57 мүше мемлекеттен 80-ге тарта делегация қатысты. Жалпы, мұндағы отырыстар бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық есік жағдайында өткізіліп жатыр. Негізгі жұмыс тілі ретінде араб, ағылшын және парсы тілдері қолданылуда. Кеңес отырысы барысында экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі басты тақырыпқа айналды. Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар әлемдегі қоғамдық-саяси жағдайды талқылап, экономикалық дағдарыстан шығудың жолдары мен ИКҰ-ға мүше елдерге нақты көмек беру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, “Орталық Азия және мұсылман әлемі: ынтымақтастық үшін стратегия” деген тақырыпта пікірсайыс болып өтті. Осы ретте Душанбені ислам мәдениетінің астанасы деп атау салтанаты орын алғандығын айта кету керек.
Отырыстың бірінші күні Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон сөз сөйледі. Тәжікстан президенті өткен дүйсенбіде ИКҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлыны қабылдағаны белгілі болды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев отырыста сөйлеген кезінде Бас хатшы атына жылы сөздер айтып, оның қызметіне ризашылығын білдірді.
Кеңес “Өркениетті де айтарлықтай қауіпсіз ислам әлеміне жалпы көзқарас” деген тақырыпта өтіп, ол ислам үммесін ортақ құндылықтарға жетелейтін мемлекеттердің саяси ерік-жігерін көрсетті. Қ.Саудабаев артта қалған ондаған жылдар ислам әлемі үшін ауыр сынақ болып, оның бүлдіргіш күштердің нысанына айналғандығын ерекше атап өтті. Мұндай саясат салдарынан Ирак, Ауғанстан, Судан елдеріне де соғыс орын алса, Батыста мұсылмандардың құқын шектеуге, исламға қарсы ауанның қалыптасуына, ішкі кикілжіңдерге және таяушығыстық реттеу үдерісінің тұралап қалуына жол берілді. Осы ретте Қанат Бекмырзаұлы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық аренада өркениеттераралық үнқатысу идеясын белсенді ұсынып келе жатқандығына назар аудартты. Мәселен, Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп келеді. Соның нәтижесінде, Ислам басшылары планетада келісім мен бейбітшілікті алға жылжыту үшін тиімді үнқатысу алаңына ие болды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ортақ күш біріктіру арқасында БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылды “Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы” деп жариялағанын атап көрсетті.
Қазақстан мұсылман елдері ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық Ұйым төрағалығына сайланды. Біз ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз барысында мұсылмандарға қатысты кемсітушілік пен төзбеушілік проблемаларына да баса назар аударатын боламыз. Іс басындағы төрағаның Жеке өкілінің жұмысы исламофобия мен мұсылмандарды шеттету мәселелерімен байланысты екенін атап көрсеткен жөн. ЕҚЫҰ мен ИКҰ институтаралық кең көлемді ынтымақтастық орнатуы қажет деп санаймын, деді Қанат Саудабаев. Қазақстан көршілес Қырғызстан халқының мүддесі үшін қақтығысты болдырмау мақсатында дағдарысты реттеуге араласқаны белгілі. Соның нәтижесінде осы елде азамат соғысына жол берілмеді.
Ендігі бір Орталық Азия аймағына қауіп төндіріп тұрған ел – Ауғанстан. “Талибан” қозғалысына қарсы халықаралық коалициялық күштер әскери операция жүргізуі Орталық Азия аймағына тікелей қауіпті сейілткендей болғанымен, ауған проблемасын әскери жолмен шешу тығырыққа тірелген секілді. Өзінің пайымын осылай білдірген Қ.Саудабаев Қырғызстан мен Ауғанстанға осы елдер халқының өздері дамуды қамтамасыз ете алатындай жүйелі көмек көрсетіле берілетінінен хабардар етті. Осы орайда Іс басындағы төраға ИКҰ-ның аймақтың нашар дамыған елдеріне ұзақ мерзімді қаржы-экономикалық бағдарламаның қабылдануына көмек қолын созатын уақыттың жеткендігін ерекше атады. Қазақстан орталықазиялық көршілеріне тұрақты және орнықты даму жолына түсулері үшін қолдан келген көмегін көрсетіп келеді, деді ол.
Қанат Бекмырзаұлы, сонымен қатар, кеңеске қатысушылар назарын Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен Астанада әр түрлі саладағы технологияларды: инженерлік, медициналық, ғарыштық, химиялық, биологиялық мамандарды даярлайтын әлемдік деңгейдегі университет ашылатынына аударып, ИКҰ Хатшылығына мүше мемлекеттерден келіп оқитын жастар үшін донор елдерге арнайы шәкіртақы тағайындауды ұсынды.
2011 жылдың ортасынан Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалықты қабылдап алады. Ал бұл мәртебелі құзыретті биыл Тәжікстан өз қолына алып отыр. Ал еліміздің ИКҰ-ның 10 жылдық Іс-әрекет жоспарын орындаудағы ортамерзімді ұсыныстарын толыққанды жүзеге асыруға күш салатыны еш күмән туғызбасы анық.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ – Душанбеден.