Руханият • 19 Мамыр, 2022

Әдеби өмірдегі әйелдер

989 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әдебиеттің төңірегіндегі әңгімелерге аса мән бермей жүрміз. Сөз өнерінің өзін ғана сөз етсек болды, басқасында шаруамыз жоқ сияқты. Әсілінде шығармашылық өнер мен өмір қатар өрілсе, әдебиетке деген қызығушылық арта түсер еді. Әсіресе оған әйел заты араласса, тақырып түрленіп шыға келетініне мысал жеткілікті. Мұндай әңгімелер де кейде өз алдына бір көркем дүниедей көңіліңді бір ысынтып, бір суынтатыны бар.

Әдеби өмірдегі әйелдер

Әйел заты демекші, талантты жазушымыз Несіпбек Дәутайұлы Александр Блоктан қалған «Около литературные дамы» деген сөзге қызығушылық таныт­қан екен. «Осындай тақырып бар, бізде ашылмай келеді, сен соны жазшы» деп бір қыз балаға тапсырма бергенін құлағы­мыз шалған. Демек бұл ұғым біздің қаза­қы әдеби ортаға да онша-мұнша жат болма­ғаны ғой. Тек мағынасы өзгешелеу, сыры басқашалау, құпиясы да бөлектеу. «Әдебиеттің айналасындағы әйелдер» десек, құлаққа түрпідей тиер. Сондықтан «Әдеби өмірдегі әйелдер» десек, бек жарасатын сияқты.

Біз ондай жандарды әдеби өмірде болып жатқан оқиғалардың ортасынан жиі көреміз. Бірақ олар ақын-жазушы деген атаққа мас болғандармен әуейі болып жүрген жоқ. Керісінше, осынау мехнатты да хикметті жазу өнерінің азабын бірге арқалап, қиындығын бірге кешіп жүр. Ер-азаматтар салақсып қалатын тұстарда әдебиеттің насихатын жеке-жеке өздері-ақ тындырып жүре беретіндерін қайтерсің. Әдебиеттің ісін өз үйінің жұ­мысындай шын жанашырлықпен атқара қоятындары да еріксіз тәнті етеді. Бірі газетте, бірі телеарнада, тағы бірі баспада жүріп-ақ әдебиеттің жыртысын жыртып, жоғын түгендескен қыз-келіншектер өмірдің де, өнердің де көркі дер едік.

Солардың бірі ұлттық телеарнада «Сөнбес сәуле» бағдарламасын жүргі­зетін Жаңылхан Асылбекова. Жақында Жаңылхан сол бағдарламаның ізімен аттас та, еншілес те етіп «Сөнбес сәуле» атты жи­нақ шығарыпты. Кітаптың ал­ғаш­қы бетіндегі «Ақын-жазушылар» деген атаулы бөлім көзімізге оттай басылды. Сон­дағы байқағанымыз, басқа салаларда жарқ-жұрқ еткен жұлдыздар көп болса да, Жаңылханды әдебиеттің сиқыры көбірек баурапты. Телеарнада да бағдарламасының көп бөлігін әдебиет өкілдеріне арнаса, мына кітабында да негізгі әңгіме ақын-жазушылардың төңі­регінде өрбіп отыр.

Ал енді бұл тегін бе? Ойыңа сөз басын­дағы әңгіме қайта оралады. Жоқ, теледидарда әдебиеттің әңгімесін айтып жүрген Жаңылхан жалғыз емес. Теледидардан Назира Бердалы мен Елена Әбдіқалықова да әдебиеттің әңгімесін көбірек қозғайды. Жүргізетін бағдарламалары жалпы өнерге ортақ болса да, осы қыздардың әде­биетке бір бүйрегі бұрып тұрады. Өздері де өлеңдеріне ән жазылып жүрген сыршыл ақындар, бағдарламаларында да ақын-жазушылармен сұхбаттасқанды жақсы көреді. Ондайда олардың лебіздері де ер-азаматтарға қарағанда өтімдірек, әсер­лі­рек шығады. Әдебиеттің сиқырына бір арбалсаң, сол хабарларды жүргізіп отыр­ған арулардың үн-дидарына екі арбаласың.

Бірі бұрын, бірі кейін хабар жүргізіп жүрген бұл үш арудың ішінде: Назира Бердалы құпиялы өмірдің кілтін ұстап отырғандай жұмсақ жымиысымен-ақ сұхбатқа шақырған адамның еркін билеп алатын. Әні де, сәні де аңызға айналған Елена Әбдіқалықова көрерменді халықтық болмысымен үйіріп әкетіп, экранға ерекше бір еркіндік дарытып тұратын. Ал Жаңылхан Асылбекова болса, өзі де кербез, қонағы да кербез, әйтеуір ақын-жазушылардың таңғажайып өміріне тамсанумен келеді. Ол кейіпкерінің образына қаламгерлік қызығушылықпен бірге, әйелдік аяулы сезімімен де ене алатын табиғи тазалығын жоғалтпаған тартымды тележүргізуші. Оның «Сөнбес сәуле» атты кітабынан да осы ерекшелікті айқын байқаймыз.

Сірә, «Әдеби өмірдегі әйел» деген бір болса, осындай-ақ болар. Кітап оқып ұйықтап, өлең жазып оянып, әдеби хабарына кейіпкер іздеп шапқылайды да жүреді. Мына кітабында да бірінші кейіпкері Төлеген Айбергенов, екінші кейіпкері Мұқағали Мақатаев, үшіншісі Тұманбай Молдағалиев, төртіншісі Қуандық Шаңғытбаев, бесіншісі Жұматай Жақыпбаев, тағысын тағы жалғаса береді.

Ең қиыны, бұл адамдар туралы бұ­ған дейін де бәрі айтылып та, жазылып та қойған. Олар жайында естелік айта-­айта, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп жіберетіндер де кездеседі. Ал енді сонда айтылмаған не қалды? Бірізді сұхбаттардан оқырман да жалыға бастаған жоқ па? Жаңылханның жаттандылықтан қашып, сұхбатын барынша қарапайым етіп жүргізуге тырысатыны содан шығар.

Оның сұрақтарында әйелге тән жылы­лық бар. Әңгімелесуге әдемі ілік те таба біледі. Мысалы, Төлеген Айберге­нов туралы сұхбатты бір деталь – бір клип­тен өрбітіп әкетеді. Ақынның өзіне беріліп қойған бұрынғы-соңғы баға­ны қайталамай, бүгінгі күні оның шығарма­шылығына қатысты не істеліп жатқаны туралы жанды сұрақ қояды. Үйреншікті жауаптардан мезі болған ақынның қызы Салтанат Айбергенова да жақсы әңгі­мешіге кезіккендей шешіліп сала беріпті. Әкесінің өлеңдеріне жиырма шақты клип түсірілгенін, ол үшін кімдердің алдына не деп барғанын ретімен баяндап шығыпты. Бұдан Жаңылханның сұхбат алып отырған адамының сеніміне кіріп, ашық сөйлете алатынын байқайсыз. Сұхбатты күрделендіреміз деп күшке де салмайды. Мойындарына «ананы айтпай, мынаны айтуымыз керек еді» дегендей міндет те артпайды. Керісінше, қос құрбы сырласқандай болып отырып-ақ, талай нәрсені айтып та тастайды.

Сөйткен Жаңылхан Мұқағали Мақа­таев туралы сұхбатында да алдымен мерейтой шараларына ден қойыпты. Басқалар мұндай сұхбатты салғаннан биік пафоспен бастап, артынан өзі де ілесе алмай тапырақтап қалып жататын еді. Ал Жаңылхан ерекше нәрсе айтамын деп өзін де, көрерменін де шаршатпайды. Мұқағалидың мұғалімі Ұлжалғас Келдібекованы әңгімеге тартуы да сол қарапайымдылығының белгісі. Содан тапқан пайдасы: «Анау-мынауды тістеп-тартып тастайтын өжеттігі бар болатын» деп Мұқағалиды жаңа қырынан ашты да берді. Ұлжалғас апайымыз ақынның шын табиғатын «Сыйласқан адамның қадірін білетін ақкөңіл, адал азамат болатын» деп көп күңкіл-сүңкілден аршып та берді.

Сол сияқты Төлеген Айбергеновтің қы­зы Салтанатқа: «Анаңыз әкеңізге ба­­ла­­ла­рынан кімді көбірек ұқсатушы еді?» десе, ол да өміршең сұрақ. Ал Мұқа­ғалидың ұлы Жұлдызға: «Әкеңіздің ата­ғы көмектесті ме?» десе, оған да елең­деп қалатындайсың. Жаңылхан осы сұрақтардың жауабы бәрінен тартымды шығатынын жүргізуші ретінде алдын ала нобайлап білген де тәрізді. Салтанат: «Анамыз біздің жақсы қасиетімізді де, жаман қасиетімізді де әкемізге ұқ­са­­татын» десе, Жұлдыз: «Әкемнің ата­ғы көмектескен жоқ. Бірақ аруағына сыйын­ғанымда көмектесті» деп ағынан жарылып отыр.

Хамит Ерғалиев туралы сұхбатында да алғашқы сұрақ «Ақынның қолы тиген кітаптары ұрпағы үшін қаншалықты құнды?» деп қойылыпты. Жақында ғана қоқыс жәшігінде үйіліп жатқан кітаптарды көріп, жүрегіміз зу еткен болатын. Бұдан бұрын да бір атақты академиктің жиған кітаптарын бала-шағасы күресінге шыға­рып тастағанын естігенбіз. Хамаңның ұлы Мұрат Ерғалиев: «Баяғыда досы Қай­­­ны­кей Мәскеуге барғанда бір кере­мет кітаптар алып келіпті. Әкеміздің кі­тап жинауы содан басталыпты. Біз үшін одан артық байлық жоқ» деп жауап бе­­ре­ді. Жаңылханның бұл сұрақты да қан­­дай жанашырлықпен қойғанын сонда түсінесіз.

Мұндай жанашырлық оның әр сұхба­тынан байқалады. Мәселен, Тұман­бай Молдағалиевті бір ашса, досы ашады деген ой сондай жанашыр адамның ғана басына келеді. Себебі Тұмағаңның бойындағы алабөтен тазалығын балалық шағынан іздеу керек. Ал қатар жүрген қаламдастары өлеңдерін бағалағанмен, бойындағы тазалығын бағалай алған жоқ. Досы Едіге Сапаев «Екеуміз бір анадан туғандай болып кеттік» деген­де, Тұмағаңның сол адалдығын мең­зегені болар деп ойладық. Әдеби өмір­дегі әйел ретінде Жаңылхан да ақын-жазушылардың бойынан сондай жақсы қасиеттерді ғана көргісі келетін секілді. Егер ол басқаша сұрақ қойса, әдеби өмірдегі әйел болмайтын еді. Онда ол да өзін өзі қызықтаған ақынға айналар еді. Жаңылханның ең бірінші ұтқан тұсы, сұхбат жүргізіп отырып-ақ, өзі де оқырманға айнала алатынында дер едік.

Ол кейіпкерін ашумен бірге, келген қонағын шамырқанта да алады. Мысалы, Қадыр Мырза Әли туралы Темірхан Медетбек: «Ол өзінің алғаш­қы өлеңдерімен-ақ қатып қалған стерео­типтердің быт-шытын шығарды» деп қалады. Басқасы басқа, өлеңге матема­тикалық өлшеммен келген Қадыр ағамыз туралы мұндай батыл пікірді бұрын естімегенбіз. Демек Жаңылхан қонағына осындай әңгіме айтқызатындай жан­сарайының бір кілтін тауып сөйлетіп отыр. Бұл әдеби өмірді ішінен білетін адам болмаса, басқаның қолынан келмейді.

Аталған жинақта Қуандық Шаңғыт­баев, Сағи Жиенбаев, Жұбан Молдағалиев, Оралхан Бөкей, Сәкен Жүнісов, Ақселеу Сейдімбек, тағы да басқа қаламгерлер туралы да сұхбаттар бар. Мұның сыртында осы аталған ақын-жазушылар туралы қаншама қаламдастары сөйлейді. Олардың бәрінің көңілін тауып, сұхбат алу да оңай шаруа емес. Өстіп-өстіп бой үйреніскен соң жақын танысын көргендей шұрқырасып та жатады. Біз айтқан әдеби өмірдегі әйел болудың бір артықшылығы да осында ма дейміз. Бірақ олардың өздерінің басын қосатын орта жоқ. Бірақ әдебиетке әрбірі осы жерде қызметі бардай шын жанашырлықпен қызмет етеді.

Жаңылхан Асылбекованың аты мен заты жоғарыда жазылған «Сөнбес сәу­ле» атты кітабы мені осындай ойлар­ға жетеледі. Осы кітапта өзгеше бір жылы­лық бар секілді бірер күн қолымнан тас­тамай да жүрдім. Мұқият парақтағанда өзіне жарасатын кемшіліктері де көрініп қалатын бұл кітап біраз қызықты дерек­терді арқалап оқырман қолына да жете­тін шығар. Сонда мұнымыз әдеби өмір­дегі әйелдің жазған кітабы деп оқыса, оқырман көңіліне де бір сөнбес сәуле қонақтай қалатындай көрінді де тұрды. Ұлы кітаптарды әрдайым оқимыз ғой, кейде осындай өз сыры өзіндегі қара­пайым кітаптарды да оқып тұрғаннан кем болмаймыз. Ал әдеби өмірдегі әйел тура­лы ой, Несағаң ескерткендей, бізде де бар, бірақ айтылмай да, ашылмай да жүргені рас...