Әдебиет • 19 Мамыр, 2022

Талант пен талап

471 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ескі заманда Герируд өзенінің бойында әлдебір суретші ғұмыр кешті. Жан баласын жатырқамай, табиғат ананың Тәңірлік әсемдікпен шағылысқан тұмса сипатынан нәр алған еді ол. Геродот жазбасында «Орта Азияның астық толы кәрзеңкесі» деп аталған Герат қаласы бұл тұста ілім-білімнің қайнар-бұлағына айналып үлгерген-тін. Суретші Кәмеледдин Бекзат осы алқапта кірпияз һәм асқақ өнер тудырып, кейінгі ұрпақ тілімен «Шығыстың Рафаэлі» аталды. Сірә, талантты адамға Құдай тағала майы­рылмас талапты қоса беретін болса керек. Дүниенің таса қалған сырларына құмартып, бар өмірін шарқ ұрып жұмбақ жолды іздеумен арпалысқан талант атаулы содан да мазасыз, өзіне көңілі толудан ада.

Талант пен талап

Адам бойындағы білуге, тануға деген құштарлықты жоятын факторлар көбіне өзге адамдардың әсе­рінен туындайды. Содан да Ницше бір өлеңінде: «Алып бұлт­­қа жалғыздықпен қол создым, сондықтан да міне, осынша өске­нім» дейді. Ал кейбір философтар адам өзінің жалғыздығын толық мойын­дағанда ғана шынайы ақиқатқа талпынатынын баян етті. Ізденушінің жеке болмысын тануға талпыныс жолында жиған білімі көңілге толассыз ләззат себетіні соншалық, адам жүзі лала гүліне айналмақ. Шығыс ғалымы Ғазали білімнің жанға үйірер самалы жайында «бұл рахат сезімнен жүрек жарылып кете жаздайды, егер бұл ләззатты білгенде патша тағынан бас тартар еді» деуі тегін емес. Оқи білгенге алып кітапқа ұқсас жер беті тек бірегей тұлғаларды ғана емес, саналы тіршілік иесінің әрбірін ойға қалдырса керек. Мәселен, үш қана түсті айыратын һәм нашар көретіндіктен әр жарыққа соғылған көбелек және көзін үнемі алдыңғы аяғымен тазалап отыратын шыбындар, күлімсі исіне жан шыдамайтын, бірақ ең сүйкімді жануарға жататын коала, бір орнында тұрмай үнемі көшіп жүретін таулар, аяғын балдан өзге кір жерге былғап алса, ұясының алдында ішке кіргізбей тұратын сақшысы бар баларалар – мұның бәрі, шынында, ежелгі иероглифтердей мағынасы көнермес жазбалар іспетті. Міне, біз сөз еткен бұл таңғажайып құбылыстар шын таланттың ғана көкірегінде қорытылып, қаламымен оянбақ. Ендеше дүние сырлары осы жерде тұра тұрсын, біз таланты мен талабы үйлескен тұлғалар жөнінде аз-маз сөз шығаралық.

...Гетенің жаратылысты тануға де­ген құштарлығы әр еңбегінен мен­мұндалайды. Ақын «Италияға сая­хатында» адамға білім беретін кітап қана емес, табиғат тұтастығы екенін еске алады. Оның жалғыз мақсаты өзін тану арқылы Жаратқанды тану болатын. Әдетте бұл жол жоғарғы мансаппен шектесе бермесі екібастан анық. Веймар Республикасының Мәдениет министрі болуға ұсыныс еткен король Артурға ақын Құран мен Шығыс шайырларын түпнұсқада оқығысы келетінін, алдымен Ара­бияға бір жылға тіл үйренуге жіберуін өтінеді. Парасатты патша бұл тілегін құп алып, барлық шығынын мойнына алады. Расында, өмір бойы ізденіс шиырына маталып, тыным таппаған доктор Фауст – Гетенің өзі еді. «Кімнің махаббаты үлкен болса, оның сынағы да үлкен». Гетенің өзегін өртеген – ұлы махаббат. Егер біз Жаратушыны тек қорқу арқылы ғана танысақ, онда қожайынынан үркіп әдепті болған қызметшіге ұқсар едік. Көктен түскен киелі төрт кітаптың бірі «Зәбүрде»: «Тек жұмаққа кіру үшін немесе жаһаннамнан құтылу үшін құлшылық қылған пендеден залымырақ кім бар? Егер мен жұмақ пен жаһаннамды жаратпағанда, ғибадатқа лайық болмас па едім?» – делінгені сөзімізге тұздық.

«Мені әрқашан тағдырының ерке­сі деп атайды, – деді Гете күнде­лігінде, шынында, мұның бәрі талмас жігер мен ауыр еңбектің жемісі. Міне, қазір жетпіс бес жасқа келдім, алайда жеке бас қызығына арнаған бір ай уақытым да есімде жоқ...» Тағы бірде ақын: «Біз өзімізге керексізді біліп, керектіні білмейміз. Көп білген адам білімді емес, өзін білген адам білімді» деп, терең өсиет қалдырды.

Еуропа әдебиетінің «су диірменше гүрсілдеп жататын» тағы бір дарабоз талантының бірі жанкешті Бальзак еді. Қарапайым шаруа отбасынан шықса да, ақсүйек болуға талпынған жазушы тегіне «де» тіркесін қосып алады. Өмірі тоқсан тарау, тоғыз қыртысты Бальзак әуелде өзіне Тәңірден берілген қуатты дұрыс танымай, оны қаржы табудың арбасына жегеді. Бірақ ішінде қалайда адамзатқа ортақ құндылық тудыру жайлы алып күш бұғып жатқан болатын. Осы күш талмай еңбек ету жолында жазушыға жаңа серпін беріп отырды. Бірде ол «Біз оқыған және миымыздың ұйықтап қалуына жол бермеген кітапхананың кітаптары болмаса, тірлік етудің бұл жүйесі бізді біржола топас етер еді» дейді ағынан жарыла. Ал бірде ішіндегі лава алауы атқылап, сенімі артқан тұста «дүниедегі бүкіл еңбек жиналса да, таланттың түйіріне татымайды!» дейді. Түнімен ұйқы мөлшерін төмендету үшін толассыз қою кофе ішіп он алты-он жеті сағат жұмыс істеген жазушы, мұнан соң әлемде құжынаған өмір мен самсаған адамдар барын ұмытып, шоқпармен сілейте соққан адамша терең ұйқы­ға кететін. Бірақ толағай еңбегі жазу­шының қаржылай тәуелсіздікке жетуіне септігін тигізе алмады. Пәтер ақысын төлеу жайындағы бітпейтін даулар, уақытында жабылмаған па­йыздар мен өсімдерді ескерте келген бөгде қызметкер әйелдер, ауылдан ақша сұрап үнемі көңілсіз хат жазатын шеше, бәрі де Бальзактың жүйке талшығына шым-шымдап әсер етті. Алайда арыс­тан денелі, бұқа мойынды «ғасыр жаршысы» барлық әдебиет тарихындағы жалғыз адамдай, бүкіл заманалар үшін бір өзі жауапты сынды қалған шаруаны сілке тастап жазу үстеліне таңылатын. «Жұмыс кезінде уайымдарымды ұмытамын, жұмыс – менің құтқарушым» десе, бірде «Қолжазбадан босаған кезімде алдағы жоспарларымды ойластырамын, ал ой мен жазудан босасам, түзету, өңдеумен айналысамын. Ме­нің өмірімнің мәні, міне, осы» дейді. Тіпті үйленіп, отау құру, қоршаған ор­тадағы адамдарға көңіл бөлу сын­­ды әрекеттер жазушы өмірінен қалыс қалған еді. Кім Бальзакпен дос­­тас­қысы келсе, өзі үшін достасатын. Ол жазудан өзге ешнәрсеге өзін міндеткер санаған жоқ. Әдебиет зерттеушісі, жазушы Стефат Цвейг «Бальзак» атты кітабында: «Гете мен Вольтердің жанында ұдайы екі-үш хатшы жүргенде, Бальзак барлық хаттары мен жазбаларын өзі жазып, шаруаларын тек қана өзі істейтін. Оның жеке жазбалары мен ресми хат-хабарларын қосар болсақ, ақылға сыйымсыз еңбек өнімділігінің сырын түсіну мүлдем санаға сыймай кетеді» дейді. Шынында, өмір бойы жазу үстелімен арпалысып өткен адуын талант, соңына телегей теңіз мұра қалдырып елу бір жа­сын­да жалғанмен қош айтысты. Жана­засында сөз алған Виктор Гюго: «Мыр­залар, Бальзак есімі біздің заман­нан келесі замандарға жарқырай ұласатын жарқын белгі...» деген болатын.

Қорыта келгендегі сөзіміз, талант пен талап егіз ұғым. «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз». Егер біреуі сетінесе, екіншісіне зақым келері сөзсіз. Бұған жоғарыдағы тұлғалардың өмірі дәлел бола алмақ.