Медицина • 19 Мамыр, 2022

Сәбидің саулығы – ұлттың байлығы

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл кеншілер астанасында облысты түгелдей қамтитын балалар ауруханасы есігін айқара ашпақ. Бұл елеулі оқиғаның «Балалар жылына» тұспа-тұс келіп отырғанының өзі қуанышты еселей түседі. Бұл – бір. Екінші жағынан, медицина саласы мамандары келтірген деректер бойынша, соңғы жылдары жаңа туған нәрестелер арасында аурушаңдық белең алған екен. Ал жаңа нысанның бұл қатермен күресте мықты құрал болары сөзсіз.

Сәбидің саулығы – ұлттың байлығы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жиенбаева жаңа мекеменің іске қосылуы диаг­нос­тикалық қызметтердің сан саласын көбейту есебінен медициналық көмек сапасын арттыруға, емдеу іс-шараларының аясын кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін айтады.

Мысалы, жаңа ауруханада кү­йікке қарсы «Клинитрон-Clinitron» маркалы кереует болады. Бұдан бөлек өте ауыр күйік жарақа­тын алған балалар бұл жерде кешен­ді түрдегі медициналық көмек алады. Күйік демекші, мамандар айтқан деректерге сүйенсек, ауруханаға түскен үш жасқа де­йін­гі балалардың 80%-ға жуығы күйік жарақатынан зардап шеккендер екен.

Жаңадан пайдалануға берілетін ауруханада білікті мамандар жас балаларды қинап жүрген сан алуан сырқаттан емдейді. Мы­салы, мұнда құлағы мүлде есті­мей­тін кіш­кен­тай пациенттерге есту протезін салу мүмкіндігі қа­рас­тырылған. Мұның өзі қос құ­ла­ғы мүкіс жас пациенттерді басқа жақтан ем іздеп сарылудан құтқарады деп сеніммен айтуға болады.

Сонымен қатар жаңа меди­­ци­налық мекемеде травмато­ло­гия және ортопедия, оторино­ла­ринго­логиялық бөлімше базасында бет-жақ хирургиясы жұмыс істемекші.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жиенбаева «Бала­лар жылы» аясында нәрестелер арасындағы есту, көру, сөйлеу ауыт­­қушылықтарын және туа­бітті гипотериоз дертін анықтау мақ­са­тында жыл сайынғы алдын алу және скринингтік тексерулер жүргізудің жалғасатынын айтады.

– Неонаталды скринингтен жаңа туған нәрестелердің бәрі өте­ді. Ал офтальмологиялық скрининг шала туған балалар үшін жүргізіледі. Мысалы, осы жыл­дың төрт айы ішінде 382 нәресте скрининг­тен өтті және олар­дың 33-іне қазіргі таңда опера­ция жа­сал­ды. Аудиологиялық және пси­хо­­физикалық скринингтер перинаталды орталық пен перзентханаларда ғана емес, сонымен қатар емханаларда да жасалады, – дейді Г.Жиенбаева.

Мамандар келтірген дерек бо­йынша, бүгінге дейін аудиология­лық скринингтен өткен 312 бала­ның ішінде 52 кішкентай пациент және психофизикалық тексеру жасалған 70 мың баланың 281-і психологиялық-медициналық-пе­дагогикалық консультация кө­ме­гіне жүгінуге жіберіліпті.

Жалпы, өңірде ерекше қа­жет­­­тіліктері бар балаларды сауық­­­ты­руға баса мән берілген. Мы­­­салы, облыста бүгінде 150 орын­­дық рес­пуб­­ликалық «Үміт» сауықтыру ор­та­лығы қа­лып­­­ты жұмыс істейді. Бұ­­дан бө­лек Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларындағы үш бір­­дей орталық мемлекет-жеке­­­­мен­шік әріптестігі негізінде ме­ди­­­ци­налық қызмет көрсетеді. Міне, осы ме­ди­циналық мекеме­лер­де биыл кәмелет жасына тол­ма­ған 1 700 мү­гедек бала ем-дом қабыл­да­ған.

Құрылысы ұзаққа созылып кет­­кен жаңа аурухананың биыл пайдалануға берілетініне ауру-сырқауы бар балалардың ата-аналары ғана емес, медициналық мамандар да қуанышты. Осы орайда облыстық балалар клиника­лық ауруханасының директоры Арғын Бидайбеков ендігі уақытта жас пациенттерді емдеудің 200 орын­дық кең және заманауи құрал-жабдықпен қаматамасыз етілген ауруханада жаңа мүмкіндіктер мен жан-жақты жағдайларға сай сапалы болатынын айтады.

 

Қарағанды облысы