17 Сәуір, 2014

«Булгарда» өткен бір сағат жақсы істерге тәнті етті

1176 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
татарин Берекелі Ақтаудағы мерекелі шаралардың бел ортасынан күлімдеген татар бауырларды үнемі кездестіреміз. Діні бір, тегі туыс ағайындықтың сезімі ме, әлде мінезі, мәнері ме, іштарта амандасады. «Су басынан бастап тұнады» дегендей, өзара татулық-бірлік болмаса, көңілдің хошы болмаса, көпшілік арасынан, әсіресе, көңілді шаралардың нақ ортасынан табылу қиынның қиыны. Барлық отандастарымыз секілді  татарлардың осы жарасымды тірлігінің бастауы алдымен, әрине, тәуелсіз Қазақстандағы тыныш өмірде, екіншісі достықтың дәнін көктетіп, туын көтерген этномәдени бірлестіктегі ұйымшылдықта болар деген оймен Ақтау қаласындағы «Булгар» татар  этномәдени бірлестігі бөлмесінің есігін аштым. қыздарыМұнда бізді аталған бірлестік төрайымы Зүлфия Бернеева қарсы алды. Этномәдени бірлестік пе, басқа ма, ересектердің қоғамдық жұмысқа үйіріле кетіп, ортадан табыла қоюы қиындау. Бұл сырторайлық немесе басқа бір себебі бар әрекет емес, нарық заманында алдымен кәсібін, жұмысын алдыңғы орынға қойған күнелтіс иірімінің әсері. Осылай бола тұра, Маңғыстаудағы татар­ларды түгендеп, бір шаңырақ астынан табылуға шақырып, ізгі істердің ұйытқысы болып жүретін Зүлфия бізді ақжарқын көңілмен қарсы алды. – Маңғыстауда татарлардың саны – 1724 адам. Олар әр салада еліміздің дамуына үлес қосуда. Бірқатар туғандарымыз мұнай саласында, Ақтау халықаралық те­ңіз-сауда портында жұмыс жа­с­ап­ жүрсе, жоғары білімді дәрі­гер бауырымыз халық ден­сау­лығын сақтау жолында еңбек етіп келеді. Біздің бірлестік 1997 жылы ашылды, бірақ ол кезде­гі жағдаймен қазіргі ахуалды са­лыстыруға келмейді, – деп бас­тады әңгімесін Зүлфия Идаятуллақызы. «Булгар» этномәдени бір­лес­тігінің шаңырағын тіктеп, сөз жүзінде емес, іс жүзінде татарларды бір бірлестік аясына жиып, тәуелсіз Қазақстан таңдаған бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдыруға бұрынғы басшы Фандаль Сахибгареев көп еңбек сіңірген. Тіпті, тиісті компаниялармен келісіп, Маң­­­ғыстауда «ТНВ» татар телеарна­сын қос­қаны, әсіресе, татар жастарының ана тілін­де мәлімет базасын кеңейтуге ықпал еткен. Көрмелерге жайғасқан татар халқының ұлттық қолөнер туын­дылары, ұлттық киімдері мен күнделікті тұтынатын бұйым­дарымен таныстырған ол компьютерден алуан түрлі суреттерді көрсетуді де ұмытқан жоқ. Өңірдегі әрбір шаралардан қалыс қалмай, ұлттық киімдерімен сән­дене киініп, ортада жүрген татарлар. Түрлі спорттық сайыстар, ән, би, сурет, мәнерлеп оқу сынды өнер бай­қаулары, Наурыз тойы... Туған жердің әр тасының тарихын біліп, әр түп жусанын құрмет ету керек деп түсінетін олар үнемі Маңғыстаудағы киелі орындарға, көрнекті сәулет ескерткіштеріне және табиғаты тамаша жерлерге, мұражайларға саяхатқа шығады екен. Қарттар үйіне бас сұғып, ондағылардың бірқатарына сый-сияпат беру, төсек тартып жатқан бауырлардың көңіл-күйін сұрау, жәрдем беру олардың жазылмаған заңдылығы. Бастары қосылғанда Қазақстан тарихына қатысты викториналық сұрақтарға жауап беруден өзара қызықты бай­қау ұйымдастырып жүреді. Мұндай шараларда, әсіресе, мек­теп жасындағы балалардың белсенділігі жоғары. Жастардың жалыны – болашақтың лебі екен белгілі. – Мұса Жәлелдің, Ғабдолла Тоқайдың шығармаларына арнал­ған кештер өткіземіз. Бірлесіп өткізсек қалай болады деген ұсы­нысымызды ешкім аяқасты еткен жоқ. Ішкі істер министрлігінің 6656 әскери бөлімімен тығыз байланыстамыз, сондай-ақ, колледж­дер, кітапханалар бірлесе жұ­мыс жасауға қуана келіседі. Бұдан айтпағым, мұның бәрі Қазақ­стандағы ұлтаралық тату­лықтың жемісі, бір ұлттың рухани құн­дылығын елеп-ескеріп, біліп жүру­дің, ұрпаққа насихаттаудың ма­ңызы зор екендігін білудің көрі­нісі, – дейді сұхбаттасымыз. Сондай-ақ, ол  «Сабантой» ме­рекесінің жыл сайын рес­пуб­лика көлемінде жоғары дең­гей­де ұйымдастырылатынын риза­шылықпен айтты. Арғы жы­­лы Ақтөбеде, былтыр Орал­ қа­­ла­сында өткен мереке би­ыл Қы­зылорда қаласында ұйым­дас­тырылады. Өткен жыл­дары «Са­­бантойға» Қазақстан халқы Ассам­­­­блея­сы Төрағасының орынбасары Е.Тоғ­жанов, Татарстан Рес­­публикасының Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы өкілетті өкілі А.Хасанов қатысыпты, сон­дай-ақ, Татарстан Президенті Р.Мин­ниханов арнайы келген және биыл да келіп қатысуға келісім беріпті. Қазақстандық татарлар республикалық татар-башқұрт ассоциациясы арқылы Бүкіләлемдік татарлар конгресімен байланысады екен. Бұл жас жеткіншектерге татар тілін үйрету үшін ашылған жексенбілік мектептерге түрлі әдістемелік оқу құралдарын алуға біраз септігін тигізетін көрінеді. Бір кездері ұмытыла бастаған татар тілінің басына соңғы жылдары шырақ жана бастаған. Тіл үйренуге қызығушылар саны артқан, тіпті, «өмір бойы өзге тілді қолданып келдік, тағдыр солай болды, енді өмірімнің соңғы жағында ана тілімде сөйлеп өлсем арманым жоқ» деп 73 жастағы кейуананың мектепке келуі талай жанды тебірентіп, біраз жасты жігерлендірген көрінеді. Бүлдіршіндерге татар тілінде әндер шырқатып, ертегі, тақпақтар жаттату нәтижесінде ана тілін білетіндер қарасы көбейе түскен. – Көп ұлтты Қазақстандағы барлық этностарға бірдей жасалып отырған мұндай жағдай көп елдерде жоқ.  Бұл тек айтылған әдемі сөзім емес, шындық. Шет­тен келген қонақтарымыз біздегі барлық ұлттардың өз ана тілін біліп, білмесе үйреніп, салт-дәс­түрін сақтауына жасалған жағ­дайға таңғалады, бізге қызы­ғу­шылықпен қарайды, – өз әсерін осылай жеткізді Зүлфия. «Булгар» этномәдени бірлес­тігінде өткізген бір сағат уақыт Ақтаудағы татарлардың тыныс-тіршілігіне қатысты біраз жәйт­ті білуге мүмкіндік берді. Сұх­бат­тасым алдағы уақытта атқа­рылатын жұмыстар мол екендігін, татарлардың Қазақстан дамуына өз үлестерін қосып, достық, туыстық туын жоғары желбірете беруге дайын екендігін жеткізді. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.
Соңғы жаңалықтар