Қазақстан • 20 Мамыр, 2022

Бізге атом электр стансасы керек - Энергетика министрі

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр стансасын салуға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бізге атом электр стансасы керек - Энергетика министрі

«Бізге атом электр стансасы керек. Бұрынғы көлемде көмір қолдана беруімізге болмайды. Қазір көмір стансаларына ешкім қаржы салмайды. Өкінішке қарай, газ тұтынудың мүмкіндіктерін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Барған сайын азайып келеді. Егер жаңа көздерді ашып, игеру үшін ақша салмасақ, газ тапшылығы туындайды», деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, АЭС құрылысынан туындауы мүмкін тәуекелдерді бақылауда ұстауға болады.

«Атом стансасы барлық мәселенің дауасы бола алмайды, әрине. Бірақ, ол – тұрақты, сынақтан өткен көз болар еді. Иә, оған қарсы адамдар бар. Қоғамда түрлі үрей бар. Қазақстанда бұл мәселеге кеңес заманындағы ядролық полигонмен салыстырмалы түрде қарайды. Мен оны түсінем, негізсіз де емес шығар. Бірақ, азаматтық энергетика тұрғысынан айтарлықтай қатері жоқ. Кез келген істің өз тәуекелі болады. Тіпті, су ішсеңіз де, мұның да тәуекелі бар. Есепті дұрыс жүргізіп, тәуекелдерді басқара алу керек. Біз қазір сол есепті жүргізіп жатырмыз. Қайталап айтайын, атом стансасы – болашақтағы электр тапшылығын шешудің өте жақсы жолы бола алады», деді министр.