Кино • 22 Мамыр, 2022

Зұлмат жылдар жаңғырығы – «Ақ боз үй»

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел астанасында жазушы Смағұл Елубайдың романы желісімен түсірілген Бегарыс Елубайдың «Ақ боз үй» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған фильм идеясы зұлмат жылдарда қазақ ауылы бастан өткерген қудалау мен ашаршылыққа құрылған. Тұсаукесер көрсетілімге Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, АQ Group компаниялар тобы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов және басқа да ресми өкілдер мен зиялы қауым қатысты. Айта кетейік, кинокартина Ұлттық киноны қолдау қорының қаржыландыруымен түсірілді.

Зұлмат жылдар жаңғырығы – «Ақ боз үй»

Өткен ғасырдың 30-жыл­да­рындағы ұжымдас­тырудың ар­тынан ілесе келген ашаршы­­­­лық тауқыметін суреттейтін шы­ғар­­ма қазақ әдебиетіндегі осы та­қы­­рыпта жазылған алғашқы еңбектердің қатарынан санала­ды. Кинода романның соңғы бө­ліміндегі оқиғалар – бай әрі би Пахраддиннің ауылын ертіп, қарақалпақтың Қоңырат қаласы­на қайта ораламыз деп, Түрікмен шөлінде көрген қиындықтары таспаланған.

Жабық көрсетілімге қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев ұлт басына төнген нәубеттер­дің арасында ашаршылықтың зар­дабы орасан екенін атап өтті.

– Шын мәнінде, біз – тарихымызда талай қиындықты бастан кешкен халықпыз. Бірақ соның ішінде дәл осы ашаршылықтың зардабы ұлт жүрегіне өшпес­тей жара салды. Алапат нәубеттен қа­зақтың жартысына жуығы қы­рылып қалды. Тағы бір бөлігі ше­кара асып, бас сауғалауға мәж­­бүр болды. Біз басымыздан өткен осындай қасіретті ке­зең­­ді ешқашан ұлт жадынан шы­ғармауымыз керек. Әсіресе, жас буынға тарихымызды дәріп­теп, келер ұрпаққа нақты мәлі­меттер мен деректерге негіз­делген зерттеулер қалдыру – бас­ты міндет. Бұл – бабалар рухы алдын­да­ғы перзенттік борышы­мыз. Ашар­шылықтың ақтаң­дақтарын ашу арқылы біз тарихи санамызды дамытамыз. Ал тарихи жадыны жаңғырту – Тәуелсіздігі­міз­ді нығайтып, елдігіміздің тұғы­рын биіктете түсетін қадам. Сол се­бепті Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы тақырыпқа көп көңіл бөліп, оның жан-жақ­ты зерттелуіне, архив материалдарын жинақтауға қатысты тиісті орындарға тапсырма берген еді. Соның аясын­да елімізде нақты жұмыстар қол­ға алынып, бұл бағытта жаңа леп пайда болды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Сенаттың ұйыт­­қы болуымен ашаршылыққа қа­тыс­ты бұрын-соңды еш жерде жария­­ланбаған тарихи құжаттар мен деректердің, естеліктердің бес томдық жинағы жарық көр­генін айтты.

– Бүгін көрерменге ұсыны­лып отырған фильм де осы игі бас­­таманың жемісі екені сөзсіз. Алдағы уақытта бұл кинотуынды көрермен тарапынан жоға­ры бағасын алып, тарихымызды тануға өз үлесін қосады деп сене­міз және соған тілектеспіз. Осы ретте шығармасын фильм­ге айнал­дырып, сол жолда еселі ең­бек еткен Смағұл ағамызға алғы­­­­сымызды білдіріп, жаңа туын­­­­­­дысымен шын жүректен құт­­­тық­­­­таймыз, – деді Сенат Төрағасы.

Фильм режиссері картинада бір отбасы мен ауылдың тағдыры арқылы барша қазақтың басына түскен зұлмат зардабын көрсетуге тырысқан.

«Киноны түсіруге бір жарым ай уақыт кетті. Әуелде Өзбек­станда түсіргіміз келген. Бірақ пан­демия кедергісіне тап болып, басқа жерді іздеуге тура келді. Алматы, Қызылорда облыстарын араладық. Ақыры ыңғайлы жерді Маңғыстаудан таптық. Ал деко­рациялар Алматы облысында жасалды», дейді Бегарыс Елубай.

Жалпы, романды фильмге тас­палауға алғаш рет 1991 жылы талпыныс болған.

«Сұрапыл Сұржекей» атты фильм Кеңес Одағының ең соң­ғы кинофестивалінде Гран-при алды. Бірақ қаражат таусы­лып, ашаршылық кезеңі ақыры түсі­рілмеді. Яғни фильмде кәм­пес­ке бар, ашаршылық жоқ. Содан кейін біз енді бұны қалай жа­саймыз деп отыз жыл ойландық. Тұтас роман бір фильмге сыймайды. Кейін ең соңғы «Парасат майданы» атты тарауын ғана алу керек деген ойға келдім. Адам­дар ашаршылыққа ұрынып, шұ­бырады. Сол жерді алдық. Сосын сценарий жазып, Президентке ұсындық», дейді автор.

Авторлардың айтуынша, көр­кем фильм прокатка күзде шығуы мүмкін, оған дейін бірнеше фес­тивальға қатыспақ.

Айта кетейік, фильм режис­сері Бегарыс Елубай «Үздік шетел­дік драма» аталымын алған «Аңшы бала» және «ОАЗИС», «Бала ғашық» сынды көркем фильм­­­дерімен белгілі.

Кинокартинада бас кейіпкер Пахреддин бидің рөлін С.Сей­фул­лин атындағы Қарағанды драма театрының әртісі Қайрат Кемалов, ал жұбайы Сырғаның обра­зын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­­­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры­ның әртісі Күлжәмила Белжанова сомдайды.

Тарихи мәліметтерге сүйен­сек, 1921-1923 жылдардағы ашар­шылықта шамамен 1,7 млн, ал 1931-1932 жылдары 2,3 млн қазақ аштан қырылған. Шынында да, бұл – орны толмас қасірет, ұлы нәу­бет. Ұлт басына төнген осы зұлматты жылдардың толыққан­ды зерттеліп, көптеген көркем туын­дыға арқау боларына сенеміз.