17 Сәуір, 2014

Шарайна

517 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ресейдегі жаңа алып мұнай кен орны Ресейде жаңа аса ірі мұнай кен орны ашылды. Бұл туралы Табиғи ресурстар министрі Сергей Донской жария етті. «Великое» деген атау алған кен орны Астрахань облысында орналасқан. Бұл жердегі мұнай қоры 300 миллион тонна мұнай және 90 миллиард текше метр газ делініп отыр. Осындай аса ірі мұнай кен орны соңғы жылдары алғаш рет табылған. Донскойдың сөзіне қарағанда, 2006 жылы Каспий қайраңында «ЛукОйл» геологтары 150 миллион тонна мұнай қоры бар кен орнын тапқан екен. «Великоені» игерумен бұған дейін де Астрахань өңірінде жұмыс істеп жатқан АФБ мұнай компаниясы айналысатын сияқты. Бұл компания осыдан екі жыл бұрын көрші Тамбов телімінде 140 миллион тонна мұнай көзін ашқан еді.   Паром апатынан жоғалғандар көп Шарайна-1аКеше бортында 474 адамы бар жолаушылар кемесі Оңтүстік Корея жағалауларында апатқа ұшырады. «Рейтер» агенттігінің ақпаратына қарағанда, жолаушылардың 320-сы  Чечжу аралына экскурсияға бара жатқан мектеп оқушылары болып табылады. Құтқару операциялары Оңтүстік Корея жағалау күзеті кемелерінің және тікұшақтарының көмегімен жүргізілген. Әзірше, екі адамның қазаға ұшырағаны анықталып отыр. 368 жолаушы құтқарылған. Ал 104 жолаушыны іздестіру шаралары жалғастырылып жатыр. Құтқару операциясы кезінде паром толықтай су астына кетіп үлгерген. Енді жоғалғандардан күдер үзген де жөн секілді. Қайғылы оқиға жағалаудан шамамен 100 шақырым қашықтықта орын алған. Паром Инчхон портынан шығып, Чечжу аралын бетке алған болатын.   Альянс шығыс шебін күшейте түседі НАТО Шығыс Еуропадағы одақтастары қорғанысын одан әрі күшейту қадамдарын қарастырмақ. Бұл жөнінде кеше ИТАР-ТАСС хабарлады. Аталған мәселені журналис­тер сұрағына жауап бере отырып, Солтүстік альянстың бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен мәлім етіпті. Сөйтіп, Шығыс Еуропада НАТО-ның жаңа тұрақты базалары орналастырылатыны ықтимал болып отыр. «Бұл шаралар үш бағыт: қорғаныс жоспарларын нығайту, оқу-жаттығулар ауқымын кеңейту және қарулы күштерді тиімді орналастыру бағыттары бойынша жүргізілетін болады. Мен НАТО мен Еуроодақ және басқа да жақын әріптестерімізді ынтымақтастықты бекіте түсуге шақырамын. Бізге оқу-жаттығуларды көбірек өткізу қажет», деп мәлімдеген баспасөз мәслихатында Расмуссен.   Барлау басшысы қызметінен қуылды Сауд Арабиясы барлау қызметінің басшысы  Бандар бин Сұлтан отставкаға жіберілді. Ел астанасы – Эр-Риядтағы Сирия саясатына жауапты адам, сөйтіп, корольдің жарлығымен қызметінен босады. Енді Сұлтанның міндетін оның орынбасары Юсеф әл-Идриси  өзіне алатын болды. Сауд Арабиясының АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Бандар бин Сұлтан Корольдіктің барлау қызметін 2012 жылдың шілдесінде қолына алған еді. Сирия  жанжалы басталысымен оның алдына президент Башар Асадтың режіміне қарсы күрестегі бүлікшілерге ықпал ету міндеті қойылған екен. Үстіміздегі жылдың 14 ақпанында Бандар бин Сұлтан Сирияға байланысты мәселелер бойынша шешім қабылдаудан аластатылған еді. Осыған қарағанда, бұрынғы барлау қызметінің басшысы өзіне жүктелген міндет үдесінен шыға алмаған секілді.   Виза алғың келсе, орыс тілін біл Шарайна-2Ресейдің Федерация кеңесінде шетелдіктерді орыс тілін, тарихы мен Ресей заңнамаларының негізін білетінін нақтылауды міндеттейтін заң жобасы мақұлданды. Бұл шетелдіктерге жұмыс визасын немесе уақытша тұруға рұқсат алу үшін қажет болатын көрінеді. Осылайша, «Ресей Федерациясындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайлары туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Ал шетел азаматтарының білім туралы сертификаты жоғарыда аталғандарды олардың білетінін қуаттайтын құжат болып табылмақ. Оны берумен Ресей аумағындағы немесе одан тысқары жерлердегі орыс тілінен, тарихынан және заңнамалар негізінен емтихан өткізетін білім беру ұйымдары айналысатын болады. Сертификаттың күшінде болу мерзімі 5 жыл деп белгіленіпті. Бұл мерзім аяқталған соң құжатты қайтадан алу қажеттігі туындайды.   Кеңес танктерін көзге сүйел көреді Немістің бұқаралық ақпарат құралдары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлер үшін тұрғызылған  Тиргартендегі мемориалдық кешеннен кеңестік Т-34 танктерін алып тастауға шақырды. Кеше Бундестагқа осындай үндеумен  Bild Berliner және Zeitung газеттері қайырылды. «Біз Бранденбург қақпасындағы мемориалда бірде-бір орыс танкінің тұрғанын қаламаймыз», делінген үндеуде. Газеттер, сондай-ақ, оқырмандарын Бундестагқа поштамен немесе факспен үндеулер жолдауға шақырады. Ал петицияның өзі Бундестагқа 14 сәуір, дүйсенбі күні-ақ жіберіп қойылыпты. Енді үндеуді қарауға екі апта керек көрінеді. Егер қол қойғандар саны 50 мың адамнан асатын болса, петицияны талқылау автоматты түрде өтетін болады екен. Қол қойғандардың нақты саны әзірше белгісіз. Ал қаза тапқан кеңес әскерлеріне мемориал 1945 жылы орнатылған болатын.   Қысқа қайырып айтқанда:  Ресей Мемлекеттік думасы комитеті төрағасының бірінші орынбасары, единоростық депутат Михаил Маркелов өз әріптестеріне ұлттық мүддеге сатқындық жасаған депутаттарды мандатынан айыру тетігін ойластыруды ұсынды. Оның пікірінше, қазіргі кезде Думада депутаттарды сатқындығы үшін мандатынан айырудың құқықтық тетігі жоқ.  Ұлыбританияның астанасы – Лондон қаласындағы шаштараздың менеджері өз мекемесін жарнамалау үшін Солтүстік Корея серкесі  Ким Чен Ынның образын пайдалануға шешім қабылдаған.Сөйтіп, шаштаразының қабырғасына Ким Чен Ын бейнеленген постерді орналастырған. Бірнеше күн өткен соң оның мекемесіне КХДР елшілігінен өкілдер келіп, реніштерін білдіріпті.  Тәжікстан президентінің қызы Озода Рахмонова әкесі секілді тегіндегі орыстың «ов» суффиксін алып тастаған. Енді оның толықтай аты-жөні Рахмон Озода Эмомали болып табылады. Президенттің өзі тегін 2007 жылы өзгерткен болатын. Бұл шешімін Эмомали Рахмон мәдени тамырына оралуға шешім қабылдағанымен түсіндірген еді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.