«Балалар жылы» аясында Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде «Отбасы күніне» орай мерекелік кеш өтті. Аталған өнер мекемесінің ұжымы мен шәкірттері кеш көрігін қыздырып, өнер көрсетті.
Концерттің ашылу салтанатында әуелі саз мектебінің мұғалімдері мен түлектерінен құралған ансамбль Сейдолла Бәйтерековтің «Кішкентай» күйін орындады. Ал дәстүрлі ән сыныбының ұстазы Гүлназ Әлімқұлова оқушысы Элизат Ануарбекпен бірге көпшілікке қазақтың дәстүрлі әндерінің қорынан попурри тарту етті. Бұдан кейін пианистер «Алғашқы көктем» шығармасын көпшілік назарына ұсынды. Кеш барысында бес бірдей аспапты шебер меңгерген балғындар да сахнада өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Концерт соңында Алдияр Әбдіжалил «Мақтанышым – Отаным» әнін нақышына келтіре шырқап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Кенен Әзірбаев атындағы аталған балалар саз мектебі 1973 жылы ашылған. Жарты ғасырға жуық тарихы бар өнер шаңырағы содан бері талай белесті бағындырып келеді. Осы уақыт аралығында білім ошағынан түлеп ұшқан саз өнерінің шеберлері бүгінгі таңда көпшілікті талантымен тәнті етіп келеді. Білікті мамандардың тәрбиесін көрген балалар республикалық және облыстық түрлі байқауда топ жарып жүр.
Жамбыл облысы