17 Сәуір, 2014

Тарихшылар тартуы

730 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздегі ұлтаралық қатынастар мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, зерделеу жұмысы жақсы жолға қойылған. Бұл істе университет ректоры Ерлан Сыдықовтың көрнекті ғалым, танымал тарихшы екендігінің де өзіндік рөлі бар. Осы орайдағы көптеген іргелі де игілікті істерді университеттегі Этносаралық қатынастар және Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығы атқаруда. Сыздыков-Китап-2 Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ХХI сес­сиясының қарсаңында осы Орталықтың директоры, түркітану ка­федрасының профессоры Сатай Сыздықов жетекшілік еткен авторлар тобы (Сатай Сыздықов, Серікжан Қанаев, Жомарт Жеңіс) «Мәңгілік Ел идеясы: қалыптасуы, үш негізі, тарихи сабақтастық» аталатын кі­тапты Астанадағы «Фолиант» бас­пасынан әсем безендіріп жарыққа шы­ғарды. Кітапта Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Мәңгілік Ел» идеясының теориялық негіздері, әлеуметтік-саяси алғышарттарының қалыптасуы және бүгінгі таңда Қазақ елінің Ұлттық идея­сына айналуы тарихи сабақтастықта зерделенген. «Мәңгілік Ел» идеясының үш тұғыры ретінде – Түрік қағанаты мем­леке­тінің Күлтегін бітіктасында жария етілген саяси актісі – манифесі, әл-Фарабидің саяси-теориялық философия­сы және Жүсіп Баласағұнның  құқықтық-мемлекеттік қағи­да­лары қарастырылған. Сонымен қатар, ежелгі түркілердің дүние­танымы мен мемлекеттік идео­логиясының дамуы «Мәңгілік Ел» идея­сының әлеуметтік-мәдени және саяси алғышарттарын қалыптастырғаны дәлелденген. «Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен этностар топтарының жалпыұлттық идеясы болғандықтан, кітапты Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті этномәдени бір­лестіктердің этносаралық қа­ты­настар мен конфесс­ияаралық толеранттылықты тұрақты етудегі іс-ша­раларында танымдық-әдіс­темелік құ­рал ретінде пайдалана алады. Сатай Сыздықовтың тарихшы-ғалым ретінде тындырған тағы бір елеулі еңбегі – «Қарлық-Қарахан мемлекеті: саяси тарихы және мәдени мұралары» атты кітабы. Онда ортағасырлық түр­кі тектес мемлекеттердің ішінде әлеу­меттік-экономикалық қатынастары мен мәдениеті жоғары деңгейде болып, бірін бірі жалғастыра да­мыған Қарлық пен Қарахан мемлекеттерінің саяси-этникалық тарихы тәуелсіз Қазақ елі та­ри­хының ажырамас бөлігі, ал әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқаридің өркениеттік мәдени мұралары мем­лекетіміздің «Мәңгілік Ел» ұлттық идея­сының қайнар көзі екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденеді. Автор, сонымен қатар, Қарлық-Қарахан мемлекеттеріндегі қала мәдениеті, отырықшы жер өңдеу мен көшпелі мал шаруашылығының өзара ықпалдастықта болуы сол кезеңдегі Орталық Азиядағы бірден-бір дамыған мемлекеттің қалыптасуына әкелді, бұл даму үрдісі көшпелілігі басым хандықтардың бөлініп шығуына және кейін қазақ, өзбек, түрікмен және қырғыз халықтарының қалыптасуына тікелей ықпал етті деген ойын да тиянақтайды. «Егемен-ақпарат».