Оқиға Сарқан ауданына жетпей, Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылынан кейінгі Еңбек ауылының маңында болған. Бұл жайында Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметі «22 мамыр күні сағат 16.45 шамасында әкімдіктің кезекшісіне ресми хабарлама келіп түсті. Онда Алматы-Өскемен республикалық маңызы бар жолының 395-шақырымындағы Еңбек ауылының тұсында қалың жауын-шашын суы көпірді шайып кеткені айтылған. Құбыр тәрізді көпірдің диаметрі – 3,5 м, тереңдігі 3 метр болған. Тасқыннан кейін күре жол екіге жарылып, жүріске қауіп төндірген екен. Адам шығыны жоқ және көліктерге де зақым келмеген. Оқиға орнына күзет бекеті қойылып, полиция қызметі жолға шыққан көліктерді Матай-Лепсі ауылдары арқылы өтетін айналма жолға бағыттап жатыр», деп хабарлады. Қазір төтенше жағдай болған жол бөлігінде қалыпқа келтіру жұмысы қызу жалғасуда. Осы күре жолдың құрылысын жүргізіп жатқан CITIC Construction компаниясының арнайы бригадасы көлік өтуге арналған уақытша өткелді салып, аяқтап қалған. Ал бүлінген негізгі жол мен су шайып кеткен көпірге қатысты құрылысқа тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қызметтік тексеруді бастапты.
– «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы-Өскемен бағытындағы құбырлы өткелді шайып кету оқиғасының мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау үшін қызметтік тексеруді бастады. Белгілі болғандай, кең арнаға ең төменгі диаметрі бар суөткізгіш құбыр жобаланған. Бұдан ары тиісті талапты бұзу анықталған жағдайда кінәлі азаматтар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Аталған учаскенің құрылысы мен жобалауға келісімшарт 2017 жылы жасалған. Диаметрі 1,5 метр болатын құбыр құрылысының техникалық шешімін Алматы қаласындағы «Каздорпроект» ЖШС әзірлеген, ал жоба «ҚазАвтоЖол» компаниясының Құрылыс жөніндегі дирекциясы филиалы, «ГК Инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалау қызметі және CITIC Construction ұсынған мердігерлер тарапынан келісілген. Сондай-ақ осындай жағдайдың алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелеріндегі қалған құбырлар мен мал өткелдеріне тексеріс жүргізілуде, – дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ресми өкілі таратқан ақпарат.
Ал біз жолдағы жағдайды білу үшін Ақсу ауданы әкімдігіне хабарласқан болатынбыз. «Кеше республикалық маңызы бар Алматы-Өскемен тас жолының 393-395 шақырымын қатты жауған жауын суы шайып кетті. Апат болған жерде 4 жүк көлігі тұрып қалды. Көлік жүргізушілерімен байланыс орнатып, олар азық-түлік, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Оқиға орнында тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Апаттың салдарын жоюға техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылған. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 16 арнайы техника мен 20-ға жуық адам тартылды. Аумақтағы жол қозғалысы тоқтаған. Көліктер Матай-Лепсі ауылдары арқылы өтетін айналма жолмен жүріп жатыр», дейді аудан әкімі Есім Базарханов.
Жексенбіде жауған жаңбыр облыстың Кербұлақ ауданы тұрғындарын да біраз әбігерге салды. Төпеп жауған жауын суы Қоғалы ауылындағы Панфилов, Жандосов және Тобаяқов көшелерін көлге айналдырып, тұрғын үйлерге су кіру қаупі төнген. Сондай-ақ осы аудандағы Байғазы өзені жаңбырдан кейін тасып, көтерілген су ауылдағы бірнеше үйдің бау-бақшасын басып қалған. Ауылдарға аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлімінің қызметкерлері келіп, тасқынды бақылауға алған көрінеді. Адамдарға қатер төнген жоқ. Әзірге қираған үй мен басқа да зақымданған заттар анықталмады.
Алматы облысы