Осы картинаны ғаламтордан көріп, ерекше әсер алдым. Әжесінің арқасында ұйықтап бара жатқан бала, бір сәт өзім секілді көрінді. Марқұм әжем мені дәл осылай арқалайтын. Қонаққа арқалап алып барып, арқалап алып келетін. Сонда әжемнің арқасы жайлы төсектей еді. Шын мәнінде, қазақ әжелері өте мейірімді, немересі үшін жанын беруге бар. Соның бір көрінісін осы суреттен байқайсыз. Бұл – белгілі қылқалам шебері Айгүл Хакімжанованың «Әжем» деген картинасы.

Бұл еңбекті суретшінің қолтаңбасын даралаған үздік туындыларының қатарына жатқыза аламыз. Өйткені қарапайым ғана көрініс арқылы автор халқымыздың болмысын, таным-түсінігін, үлкенге деген құрметін, кішіге деген ізетін шебер жеткізген. Мұндағы әженің ақ жаулығын – қазақ әжелерінің дархан пейілі, көңілінің ақтығы, ұрпағына деген қамқорлығы, жанашырлығы деп түсінеміз. Суреттегі бояудың түсі де қанық, әсіресе сары түс ерекше реңк беріп тұр. Жылулық бар, көрген адамға шуақ сыйлайды. Әжесінің арқасында басы жалтырап, ұйықтап жатқан сәбидің бейнесі де тым ыстық. Мұндай суретті қазақтың жан-дүниесін терең түсінген адам ғана салады. Бастысы, картинадағы көрерменді тартып тұрған күш –шынайылық.
Айгүл Хакімжанова – Алматыда өмірге келген, былайша айтқанда, қалада туып-өскен жан. Бірақ сонда да оның шығармашылығында қазақтың байырғы өмірі, салт-дәстүрі, ертегілер кейіпкерлері, әсіресе ауыл келбеті, онда ғұмыр кешкен адамдардың тіршілігі жарасымды көрініс тапқан. Суретшінің шығармашылық жолға келуіне де әжесі, Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың тікелей ықпалы болған. Ол кісі – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің аталас туысы. Көптеген жыр жинақтарының авторы. Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсыновадан бастап оны «ақындардың анасы» деп дәріптеген. Өмірде түрлі зобалаңды көрсе де, ешқашан аналық ізетін, сипатын жоғалтпаған осы бір асыл адамның үйінде халқымыздың көптеген зиялылары, мәселен, жазушы Сәбит Мұқанов, ақын Ғафу Қайырбеков, суретші Айша Ғалымбаева, әнші Бибігүл Төлегенова, ақын Фариза Оңғарсынова, қаламгер Мағира Қожахметова, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың анасы Әмина апа және тағы басқа есімін ел танитын азаматтар қонақта болып, дәм татқан. Соларды көзімен көріп, есті әңгімелерін бала күнінен тыңдаған Айгүлдің өнер жолы да сәтті басталды. Бір жағынан олар тұрған үйде академик Әлкей Марғұлан, биші Шара Жиенқұлова, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов және айтулы қылқалам шеберлері Евгений Сидоркин мен Гүлфайрус Исмаилова тұрған. Осы тұлғаларды күнде көріп, солардай «үлкен өнер иесі болсам», деген арман оны биікке жетеледі.
«Бала күнімде біздің үйдің ауласы өте қызық болатын. Ондағыдай көңілді ортаны мен еш жерден кездестірген емеспін. Жазғы демалыста жыл сайын әжем ағам екеумізді ауылдағы туған-туыстардың үйіне жібереді. Сонда айлап демаламыз. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін көреміз. Сондықтан менің бойыма ауылдың рухы кішкентай күнімнен дарыды», деп еске алады суретші.
Оның бақытты балалық шаққа арнаған туындылары сыршылдығымен, көркемдігімен, стильдік ерекшелігімен бөлектеніп тұрады. Жалпы, оның шығармашылығынан қазақы болмысқа, салт-дәстүрге, әдеп-ғұрыпқа деген адалдықты көресіз. Ол қайратты қылқаламымен сезім нәзіктігі рух күшімен араласатын поэтикалық, сиқырлы бейнелер жасап, түсі мен формасы бөлек кеңістік әлемін әсем бедерлейді.
«Суретші шығармашылығында халық ертегілерінің таңғажайыптығы мен оның өзінің жан жылуы, көне аңыздардың құпиялығы мен оның жан сезімінің сұлулығы өріле біткен. Ол өзінің әрбір жұмысында көпшілігі – жұмақ десе, кейбірі – балалық шақ деп айтатын бақыт пен үйлесімнің ғайып болған әлеміне қайта оралып отырады. Әрбір жұмыс тек шебер стилистикалық шешім тауып қана қоймай, ерекше көңіл-күйге, сүйіспеншілік пен мейірімге толық», дейді өнертанушы Ғалия Әли.
Қылқалам шеберінің бір ерекшелігі ол адам жанының жылуын дәл, анық беретін пастель техникасымен шебер жұмыс істейді. Пастель техникасы XVI ғасырда Италияда пайда болған. Ол кезде түстердің ауқымы ақ, қара және терракотамен шектелген. Бұл әдіс танымалдылыққа он сегізінші ғасырда, портреттік бум басталған кезде ие болды. Осы техника жеңіл, түрлі-түсті, нәзік картиналар жасауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен сыртқы көріністің тереңдігін де, терінің нәзіктігін де, еріннің шырындылығын да оңай жеткізуге болады. Алайда XIX ғасырдың соңында суретшілер пейзаж жасау үшін пастельдерді жиі қолдана бастады. Пастельдің екі түрі бар: құрғақ және майлы. Құрғақ пастелді суретшілер көп қолданады. Ал майлы пастелдер өте нәзік келеді. Ол тығыз қабатта орналасқандықтан түстердің араласуы мен түзетілуіне жол бермейді.
Біз шағын мақаламызда суретшінің бір картинасы туралы ғана ой толғадық. Әйтпесе талантты қылқалам шеберінің халық ертегілері мен әңгімелеріне салған иллюстрациялары, графикалық эскиздері, жеке композициялары жайында да бір-бір мақала жазуға болады. Бір сөзбен айтқанда, суретшінің «Әжем» картинасы әжесінің бауырында өскен әрбір баланың әжесіне жеткізе алмаған сағынышын, айта алмаған арман-мұңын кестелі көркемдеуімен құнды.
Елордадағы Президентік клиникада түркиялық дәрігер шеберлік сағатын өткізеді
Медицина • Бүгін, 10:15
Каспий теңізінде үш адам құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 10:08
Дүйсенбіге арналған ауа райы болжамы
Ауа райы • Бүгін, 09:58
Тоқаев осы аптада қандай іс-шараларға қатысады
Президент • Бүгін, 09:50
Өзбекстанда президент өкілеттігі ұзартылады
Әлем • Бүгін, 09:45
ТЖД алматылықтарға үндеу жасады
Қоғам • Бүгін, 09:37
Алматыда мейрамхана өртеніп жатыр
Аймақтар • Бүгін, 09:32
Екі өңірде ауа сапасы нашарлайды
Ауа райы • Бүгін, 09:22
Елордада «Қазақстан Барысы» турнирінің финалы өтеді
Күрес • Бүгін, 09:17
Атырау облысында жол апатынан бес адам қайтыс болды
Аймақтар • Бүгін, 09:04
Қазақстан • Бүгін, 08:34
Спорт • Бүгін, 08:33
Спорт • Бүгін, 08:32
Спорт • Бүгін, 08:30
Түркі әлеміне ортақ оқулықтар әзірленді
Білім • Бүгін, 08:28
Қаржы • Бүгін, 08:26
Құқықтық қатынасты нығайтудың тетіктері
Қазақстан • Бүгін, 08:24
Ахмет Байтұрсынұлы • Бүгін, 08:22
Керамикалық кірпіштің келешегі бар ма?
Экономика • Бүгін, 08:20
Әлем • Бүгін, 08:17
БАҚ жөніндегі заң жобасы талқыланды
Қазақстан • Бүгін, 08:15
Демографиялық және гендерлік саясат: Жаңа мүмкіндіктер жасалады
Қазақстан • Бүгін, 08:10
«Қауіпсіз ел» – қуатты армия кепілі
Қазақстан • Бүгін, 08:07
Заңсыз миграция екі елдің проблемасына айналды
Әлем • Кеше
Еуропалық одақтың құрылымы өзгеруі мүмкін
Әлем • Кеше
Импортты алмастыру қалдықты өңдеуден басталады
Экономика • Кеше
Қазақстан • Кеше
Еңбек биржасындағы түйіндемелердің саны азайды
Қоғам • Кеше
Қоғам • Кеше
Банктер экожүйесінің дамуы көңіл көншіте ме?
Қаржы • Кеше
GGG – CANELO: Ер кезегі үшке дейін...
Кәсіпқой бокс • Кеше
Amanat медиа сыйлығы: Кіл мықтыдан кім мықты анықталды
Қазақстан • Кеше
Алаш ардақтысын түркі әлемі ұлықтады
Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше
Шабандоз тақым қысып оқитын жыр
Әдебиет • Кеше
Әдебиет • Кеше
Спорт • Кеше
Әдебиет • Кеше
Егемен Қазақстан • Кеше
Ұқсас жаңалықтар