Негізі салық түсімдері бойынша бекітілген жоспар – 4 466,4 млрд теңге болса, ол 450,8 млрд теңгеге артық орындалып, 4 917,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,6 есе немесе 1 873,5 млрд теңгеге көп. Соның ішінде республикалық бюджет 100,7%-ға орындалды, дейді мамандар. Айталық, жоспар бойынша 3 290,9 млрд теңге түсуі керек болса, ол 23,9 млрд теңгеге асыра орындалып, 3 314,8 млрд теңге түсті. Бұл да былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,8 есе немесе 1 494,5 млрд теңгеге өскен.
Ал жергілікті бюджет 136,3%-ға орындалған. Жоспар бойынша 1 175,5 млрд теңге болса, ол 427,0 млрд теңгеге артық және түскен түсім – 1 602,5 млрд теңге. 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 31,0% немесе 379,0 млрд теңгеге ұлғайған.
2021 жылғы осы уақытпен салыстырғанда республикалық бюджетке түсімдердің ең көп сомасы мұнайға салынатын корпоративті табыс салығы есебінен болған. Нақтырақ айтқанда, бұл көлем 571,0 млрд теңгеге немесе екі есеге артық.
Ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы 433,2 млрд теңге немесе 4,6 есеге, экспорттық кеден баждары бойынша 311,9 млрд теңгеге немесе 2,1 есеге, үшінші елдерден импортқа ҚҚС 90,4 млрд теңгеге немесе 39,0%-ға, Кеден одағы елдерінен импортқа қосылған құн салығы 53,1 млрд теңгеге немесе 21,0%-ға, пайдалы қазбалардың өндірісіне салынатын салығы 41,1 млрд теңгеге немесе 42,2%-ға өскені байқалады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, түсімдердің өсуіне көптеген факторлар әсер еткен, соның ішінде бағаның өсуі де әсер етіп отыр. Айталық, биылғы төрт айда былтырғымен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде мұнайға – 65,1%, алюминийге – 51,9%, мырышқа – 40,9%, қорғасынға – 16,5% және мысқа 15,4% бағаның өсуі байқалған. Оның үстіне шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі 56,4%-ға ұлғайғаны да әсер еткен. Айталық, 1 тонна үшін орташа мөлшерлеме 2021 жылғы қаңтар-мамыр айында – 55,0 доллар болса, 2022 жылғы қаңтар-мамыр айында 86,0 доллар болды.
Салық түсімдерін арттырған тағы бір фактор – биылғы 4 айда үшінші елдермен тауар айналымы 1,5 есеге ұлғайны болды. Нақтырақ айтсақ, экспорт 1,7 есе, импорт 1,2 есе өсті.
2022 жылғы төрт айда электронды шот-фактуралар деректері бойынша тұтыну тауарларын өндіретін және қызметтер көрсететін, үй қызметшісін жалдайтын және үй шаруашылықтары қызметтері 5,8 есеге артқан. «Салық түсімдерінің артуына барлық саладағы бағалар мен қызметтер әсер етеді. Биылғы алғашқы айларда көптеген саланың жұмысы жандана түсті. Соның есебінен түсімдер де көбейді», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.