Хоккей • 24 Мамыр, 2022

Элитадағы орнын сақтап қалды

129 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы кеше Финляндия астанасы – Хельсинкиде ұйымдастырылған әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойынын өткізді. Жерлестеріміз Хельсинкиде орналасқан 10 мыңға жуық жанкүйер сыятын «Мұз сарайы» мұзайдынында жеті кездесу өткізіп, біреуінде ғана жеңіске жетті. Сөйтіп, өзінің элиталы дивизиондағы орнын сақтап қалды. Ал бұған дейін Дания құрамасынан (1:9) ірі есеппен ұтылса, кейінгі турларда Франция (1:2), Швейцария (2:3), Канада (3:6) және Словакия (3:4) құрамаларынан жеңіліп қалған еді.

Элитадағы орнын сақтап қалды

Жексенбі күні командалар топтық кезеңнің алтыншы тур ойындарын өткізді. Бұл турда Қазақстан құрамасы Германия хок­кей­шілерімен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен матчта жер­лестеріміз тағы да бір шайба айыр­машылығымен жеңіліп қалды – 4:5. Бұл – Юрий Михай­лис шәкірттерінің бір шайба айыр­машылығымен жеңілген төртінші ойыны болды. Ал Германия құрамасы алғашқы турда Канадаға (3:5) есе жібергенімен, қалған ойындардың бәрінде (Словакия – 2:1, Франция – 3:2, Дания – 1:0, Италия – 9:4) қарсыластарынан айласын асырды. Алты ойында 15 ұпай жинаған немістер мерзімінен бұрын әлем біріншілігінің плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Үш мыңнан аса жанкүйер та­ма­шалаған Қазақстан – Гер­мания кездесуінде есепті бірінші болып жерлестеріміз ашты. Бәсекенің үшінші минутында көк жолақтың бойында қарсылас ойыншының қателігінен кейін шайбаға иелік еткен құрама капитаны Роман Старченко чемпионаттағы алғашқы голын салды. Арада екі минут өткенде қазақстандық жанкүйерлердің қуанышы су сепкендей басылды. Немістер таразы басын жылдам теңестіріп кетті. Бундесманшафт хоккейшілері бесінші минутта қорғаушы Йонас Мюллердің жеке шеберлігінің арқасында таблодағы көрсеткішті 1:1-ге өзгертті. Алыстан бағыттаған бұл соққы Андрей Шутов үшін оңай олжа болуы керек еді, бірақ қақпашымыз Мюллердің соққысының алдында дәрменсіз қалды. 15-минутта Қазақстан құра­масы тағы да есепте алға шықты. Егор Петухов екі қор­ғау-
шының қоршауында қалып қойса да, мергендігімен көз­ге түсті. Әйткенмен, неміс­тер­­дің қайта таразы басын теңес­тіруіне небәрі 30 секундтың өзі жет­­кілікті болды. Бұл жолы Леон­­хард Пфедерль гол соқты. Ал үзі­ліске бір минут қалғанда Да­­ниэль Фишбух командасын есеп­­те алға шығарды – 3:2. Бұл жер­­де де Шутов өте сәтсіз ойнады.

Екінші кезеңде құрамалар бір-бір шайба соқты. Үзілістен кейін мұзайдында белсенді ойнаған қазақстандық хоккейшілер сан ба­сымдығына ие болса да, есепті теңестіретін мүмкіндікті ұтым­ды пайдалана алмады. Кейін Гер­мания құрамасы Әлихан Әсетов пен Кирилл Савицкийдің қатар ереже бұзуының салдарынан бір емес, екі ойыншы басым­дығына қол жеткізіп, өз мүмкін­діктерін сәтті пайдаланды. Нәти­желі ойынымен көзге түскен Лукас Рейхель құрамасының төр­тінші шайбасын салды. Сөйтіп, екінші кезеңнің орта тұсы­на жетпей жатып екі шайба айыр­­машылығымен есепте алға шығып алған германиялықтар бірте-бірте қарқынын бәсеңдетіп, күшін келесі ойындарға сақтап жатқандай әсер қалдырды. Ал уақыт озған сайын белсенділігін арттырған жерлестеріміз үзіліске 30 секунд қалғанда есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Бұл жолы Павел Акользин дәлдік танытты.

Үшінші кезең басталған бетте Никита Михайлис таразы басын теңестіріп (4:4), қазақстан­дық жанкүйерлерді бір серпілтіп тас­таған еді. Бірақ өткен ойын­дар­дағы қателіктерден тиісті қоры­тынды шығармаған біздің жігіттер тағы қорғаныста жас баланың қателігін жасап, болмай­тын жерде қақпаға гол өткізіп алды. Голдың авторы – Язин Элиц. Бұл жерде де қақпа­шымыз сәтсіз ойнады. Осылай­ша, Германия құрамасы маңыз­ды үш ұпайын олжалап, турнир кестесінде екінші орынға көте­рілді. Ал қатарынан алтыншы ойында жеңілген Қазақстан соқыр ұпай­сыз көш соңында қалып қойды.

Араға бір күн салып жер­лес­теріміз соңғы турда элиталы диви­зиондағы орнын сақтап қалу үшін алты ойында бір ұпай жинаған Италия құрамасымен шеберлік байқасты. Бас бапкер Юрий Михайлис өткен ойынмен салыстырғанда бұл жолы негізгі құрамға тек бір ғана өзгеріс жасады. Германиямен болған матчта жарақат алып қалған шабуылшы Кирилл Савицкийдің орнына «Сарыарқа» ойыншысы Саян Даниярды негізгі тізімге қосты. Алайда бас бапкер оған мұзайдында өнер көрсетуге мүмкіндік бермеді. 

Кездесу басталған бетте ойын тізгінін қолына алған Қазақстан құрамасының хоккейшілері алғаш­қы кезеңнің бел ортасынан асқанда ғана есепті ашты. Матчтың 12-минутында Кертис Волк сан басымдығын жүзеге асырса, арада үш минут өткен­де қарсылас команда да сан басымдығының арқасында таразы басын теңестіріп кетті. Голдың авторы – Брэндон Макнелли. Бірін­ші кезеңнің аяқталуына төрт минут қалғанда қорғаушы Вале­рий Орехов Қазақстан құрамасын есепте қайта алға шығарды.

Екінші кезеңде құрамалар бір-бір шайба алмасты. 25-минутта Қазақстан құрамасы сапынан Әлихан Әсетов мергендік танытса, Италия хоккейшілерінен Диего Костнер гол соқты. Үшін­ші кезеңде жерлестеріміз тағы да мықтылық танытты. 44-минут­та Роман Старченко артық құрамда ойнағанда шайба соқса, екі минуттан кейін Никита Михай­лис ойынның нүктесін қойды. Матчтың соңына қарай Ита­лия құрамасының бас бапкері мұзай­дынға алтыншы хоккейшіні шығар­ғанымен, онысы нәтиже бер­меді. Қорытынды есеп – 5:2. Осылайша, Қазақстан құрамасы жалғыз жеңісінің арқасында үш ұпаймен сегіз команданың ішінде жетінші орынға табан тіреп, элиталы дивизиондағы орнын сақтап қалды.

Дей тұрғанмен, Қазақстан құра­масының биылғы чемпио­наттағы ойыны жанкүйерлердің көңілінен шыға қойған жоқ. Жеті ойының тек біреуінде ғана же­ңіске жету жақсы нәтиже емес екені айтпаса да түсінікті. Енді федерация басшылығы осы чемпионаттан қорытынды шы­ға­рып, келесі жылғы әлем бірін­шілігінде жарқын өнер көрсетеді деп үміттенеміз.