Бұл кезеңде көпшіліктің назары Ақтаудағы матчқа ауды. Себебі «Каспий» мен «Тараз» арасындағы ойында қай команда жеңіске жетсе, сол жарыс кестесінде көш бастайды. Бұл бәсекеде алаң иелерінің асығы алшысынан түсті – 2:1. Бір айта кетерлігі, бірінші тайм бел ортадан ауған тұста «Тараздың» екі бірдей ойыншысы алаңнан қуылды. Нұр-Сұлтанда Петропавлдың «Қызылжары» Оралдың «Ақжайығын» қабылдады. Бәсеке басталған бетте Дарко Зорич есеп ашса, 79-минутта Жиан Мартинс екінші голды соқты – 2:0. «Тобыл» өз алаңында «Мақтааралды» қабылдады. Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Есесіне үзілістен кейін ойын мүлде басқа сипатта өрбіді. Айналдырған 45 минут аралығында доп алты мәрте қақпа торынан табылды. Қостанайлықтар қатарынан Игорь Сергеев дубльдің авторы атанса, Рубен Бриджидо мен Сергей Малый бір-бір реттен нысананы дәл көздеді. Қонақтар Руслан Юденков пен Рамазан Кәрімовтің голдарымен жауап қайтарды – 4:2.
Осы жеңісінен кейін 22 ұпай жинаған «Каспий» жарыс кестесінде көш бастады. Екінші және үшінші орынды иеленіп отырған «Астана» мен «Тараздың» ақтаулықтардан бір ұпайлары кем.