«Барлық су тоғанынан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше шақырым су жұмсалады. Оның 11,3 текше шақырым немесе 97 пайызы - 4 оңтүстік облысқа тиесілі. Ол – 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар немесе ел бойынша барлық суармалы алаңның 80 пайызын (1,6 млн га) құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары», деді министр.
Сондай-ақ ол Қырғызстан Республикасымен арада қалыптасқан үйреншікті тәсіл бойынша жаз айларында 330 млн текше метр суды қосымша алу келісімі бар екенін еске салды.
«Шектес елдермен ынтымақтастық шеңберінде қырғыз тарапымен тауар алмасу және коммерциялық негізде электр энергиясын жеткізу бойынша «Достық» каналы арқылы жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде су беру мәселесін шешуге қол жеткізілді», деді Экология министрі.