Қоғам • 24 Мамыр, 2022

Мобильді қосымшалар қазақ тілінде қызмет керсететін болады

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мобильдік сервистер мен қосымшалар қазақ тілінде қызмет көрсететін болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мобильді қосымшалар қазақ тілінде қызмет керсететін болады

«Бұған бұрын мән бермеуші едік. Тек қана мемлекеттік органдардың сайттарына, порталдарына назар аударып келдік. Оларды мәжбүрлеп, қазақшаға аударттық. Бірақ олардың да сапасы аздап төмен екенін білеміз. Қазір бұны да жақсартып жатырмыз. Оларға белгілі бір талаптар қойылды, жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда жекеменшік сервистердің, Facebook-тің қазақшасы неге жоқ деген сұрақ туындайды ғой. Бірақ оны біз қалай қазақша жасай аламыз? Ол – нарық. Facebook өзі жасамаса, біз жасай алмаймыз ғой. Оны мәжбүрлесек, қазақша нұсқасы жоқ деп қосымшаны мүлде жауып тастасақ, адамдар шулай бастайды. Сондықтан осы сатыда қазір Америкаға бармай-ақ қояйық, жанымыздағы сервистер – 2ГИС, Яндекс болсын, соларға шығып, осындай талаптарды қойып жатырмыз. «Біздің экономикада жұмыс істегіңіз келсе, онда қазақ тілін енгізіңіз» деген талап қоямыз. Сондай ұсыныстарды талқылап жатырмыз», деді министр Ақтөбе облысы жұртшылығымен кездесу барысында.

Оның айтуынша, мұндай талапты заңға да енгізу қажет.

«Бұл күрделі мәселе. Бірақ оны біртіндеп енгіземіз», деді Бағдат Мусин.