Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде болды. Ол университет жанындағы технопарктің қызметімен танысып, өңірдің IT қауымдастығымен және студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында министрлік, ведомствоға қарасты ұйымдар, университет және өңір арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
«IT саласы – Жұбанов университетінің даму стратегиясының басым бағыттарының бірі. Батыс өңірдің IT орталығына айналуға барлық мүмкіндігіміз бар. Оқу орны IT мамандарды 1999 жылдан бастап даярлап келеді. Биыл 285 маман оқу бітіреді. Ғылыми жұмыстар мен студенттік стартап жобалар жолға қойылған. Біз IT саласындағы өңірлік хабқа айналуға, жастар үшін креативті кеңістік ұсынуға дайынбыз», деп атап өтті Қ.Жұбанов атындағы АРУ ректоры Лаура Қарабасова.
Нәтижесінде Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қызметін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аумағында кеңейту бойынша келісімге қол жеткізілді. Astana Hub технопаркінің басқарушы директоры Абай Абсамет пен Жұбанов университетінің ректоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шараларды өткізуге, Astana Hub білім беру бағдарламаларын қолдануға және Қордың инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларына қатысуға жол ашылды.