Елорда • 25 Мамыр, 2022

Газға қосу құжаттары азаяды

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов газға қосылу үшін талап етілетін құжаттар тізімі екі есе қысқаратынын мәлім етті.

Газға қосу құжаттары азаяды

«Өздеріңіз білетіндей, кө­гілдір отын елорданың эко­логия­сына да, қала тұрғын­дарының өміріне де оң әсерін тигізеді. Үйіне газ кіргізу үшін құжат жинау мәселесі бо­­йынша бізге тұрғындар жү­гі­ніп жатады. Осыған дейін газға қосылу үшін міндетті түрде құжаттың 8 түрі талап етіліп, іс бірнеше айға (6 айдан аса) созылып кететін. Енді осыған байланысты құжаттар тізімін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданады», деді қала басшысы.

Сонымен қатар ол бұған дейін Энергетика, Ұлттық эконо­мика министрліктерінің, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және т.б. қатысуымен Үкіметте арнайы кеңес өтіп, газға қосылу бойынша құжаттар тізімін қысқарту мәселесі қаралғанын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, қала­­мызда Сарыарқа және Ал­ма­ты аудандарын толықтай газдандырдық. Бұл үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды, квартал ішіне желілер тартылды. 14 мың абонент газға қосылды, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, сол сияқты 3,5 мыңнан астам (25%-дан астам) үй газға қосылды. Осыған қа­тыс­ты бірқатар жеңілдіктер қа­былдадық: мұқтаж санат­тағы тұрғындардың газға қо­сылуы үшін әлеуметтік кө­мек бөлінеді. Ал әлеуметтік көмек мөлшері 413 мың тең­ге­ге дейін ұлғайды, қала тұр­ғындарының бәріне тегін түрде есептегіштер беріледі, сондай-ақ пайызсыз кредит беру бағдарламасы да бар. Жазда Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмысын бастаймыз. Мәселен, Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Тел­ман елді мекендері, Family Village, Garden Village шағын аудандары және т.б. Сол сияқты Шұбар ша­ғын ауда­нын­да жобалау жұ­мы­сы жү­ріп жатыр», деді А.Көлгінов.

Есіл және Байқоңыр аудандарында алдымен жеткізуші газ құбырын, ал келесі жылы квартал ішіне желілер салынатынын айтты.

«Сонымен қатар ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де бас-аяғы 13 су жы­лыту қазандығы газға ауыс­­тырылды. Ал ЖЭО-3 құ­ры­лысы қайта жанданды, құ­рылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қам­та­масыз ету үшін 3 газ қазан­­дығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Қолға алынған шаруалардың бәрі қаланың экологиясын жақсарта түседі. Газдандыру жұмысы – Мем­ле­кет басшысының тіке­лей бақылауында», деді елорда әкімі.