17 Сәуір, 2014

Астанада Орталық Азиядағы исламның ролі талқыланды

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Бүгін, 17 сәуір күні Астанада Дін істер агенттігінің ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы исламның ролі» тақырыбында конференция өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Конференцияға дін саласындағы қарым-қатынасты реттеу және діни экстремизмге қарсы тұру мәселелерімен айналысатын Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия, Египет мемлекеттерінен келген сарапшылар, мемлекеттік органдар өкілдері, дін және діни сенім бостандығы мәселелерін зерттеуші қазақстандық сарапшы-мамандар, ғалымдар, дінтанушылар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Конференцияның негізгі мақсаты Исламның дамуында айтарлықтай үлес қосқан Орталық Азияның рөлін талқылау болды. Осыған орай жиынға қатысушылар ислам дінінің ролін, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің мәдени және рухани тұрғыдан дамуындағы ықпалын талқылап қана қоймай, Орталық Азия аймағынан шыққан мұсылман ойшылдарының қаламынан туған ғылыми, әдеби, мәдени және рухани-өнегелік мұралардың қазіргі кездегі экстремистік идеялардың таралуына идеологиялық тұрғыда бөгет бола алатынын атап өтті. Мәселен, халықаралық конференцияда сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзінің сөзінде ізгілік пен ізеттіліктің, береке мен бірліктің, екі дүние бақытының бастауы болған дін – Исламның қазақ топырағына жеткеніне 1250 жылдан асқанына, ал байтақ даланы мекендеген бабаларымыз өз салт-дәстүрі мен болмысына барынша жақын дінді VIII ғасырда қабылдағанына тоқтала келе: «Ислам – осыған дейін жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді. Асыл діннен қуат алған халқымыз қамыққанға қамқор, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытқан іргелі елге айналды» деген ойын жеткізді. Ал Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Фарид Абдуллин бүгінде исламды әлемдік дін ретінде терең оқу және исламдық ағарту, исламдағы білім салаларын түбегейлі зерттеу үдерісі кеңінен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл академиялық қоғам –  арабтанушыларды, исламтанушыларды және тарихшыларды ғана емес, жаңа заманның имамдарын даярлайтын діни қайраткерлердің басын да біріктірген. «Исламның әлемдік дін ретіндегі ең негізгі артықшылықтарының бірі – онда білім-ғылым мен сенім әрқашан, әрдайым мағына жағынан ұқсас ұғым ретінде қарастырылады. Яғни, сенім – білімнің функциясы болса, білім де сенімнің функциясы. Демек, білім мен ғылымға ұмтылу – әрбір сенім иесінің басты міндеті болуы тиіс», деді шетелдік сарапшы өзінің сөзінде. Ләйла Еділқызы. Дереккөз: egemen.kz. Фото: dknews.kz.