Аймақтар • 25 Мамыр, 2022

БҚО-да азық-түлік бағасы қымбаттады

3776 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында азық-түлік тауарларының бағасы өсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да азық-түлік бағасы қымбаттады

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, жыл басынан бері көкөніс және бакалея өнімдерінің бағасы артқан.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы өсуінің негізгі себептері басқа елдерден әкелінетін негізгі шикізат көзінің, жем-шөп, тыңайтқыштың қымбаттауына байланысты. Тауарлар логистикасы бағасы да өсті. Атап айтқанда, шикізат – күнбағыс бағасының өсуі содан алынатын күнбағыс майының, жем-шөп пен тыңайтқыштың қымбаттауы тауық жұмыртқасы мен етінің бағасы өсуіне әсер етті. Жемшөп бағасы 25-35 пайызға қымбаттады, түріне қарай 50-60 мың теңгеден 100-110 мың теңгеге дейін жетті. Көкөніс өнімдеріне бағаның өсуі маусымдық сипатқа байланысты.

«Сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдай айтарлықтай әсер етті, облыстың географиялық орналасуына байланысты өнімнің едәуір бөлігі Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан әкелінеді және рубль бағамының өсуі де ықпалын тигізді», деді Ж.Батырниязов.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, облыс халқын қантпен қамту мақсатында төмен бағамен 204 тонна қант жеткізіліп, сатылды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға халықтың қажеті үшін қосымша 1 800 тонна көлемінде қант бөлу туралы хат жолданды.

«Сәуір айында килосына 450 теңге бағамен 476 тонна қантты мамыр айында жеткізу үшін жеке кәсіпкерлерге алдын ала төлем жасалды. Оның 30 пайызы (142,8 тонна) өндірушілер арасында бөлінеді. Отандық қант өндірушілермен тікелей келіссөз жүргізілуде. Қант өндірушілердің ақпаратына қарағанда, олар күні бүгін шикізатпен қамтамасыз етілген және аптасына 140 тонна қантты өңірге үздіксіз жіберуді жоспарлап отыр. Ірі сауда орталықтарында қант тапшылығы мен алыпсатарлыққа жол бермеу үшін оның мөлшерін шектеп сату ұйымдастырылды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру мақсатында мониторинг жүргізіліп, басқа да жұмыстар атқарылуда», деді Ж.Батырниязов.

Аяна Тоғанбек