СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, кәсіпкерлік саласында бағын сынап, бизнес-идеясын жүзеге асырып көргісі келетін және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастарға 400 АЕК мөлшерінде грант беріледі.
«Бұл қаражатқа еңбек құралын, яғни, құрал-жабдықты, технологиялық қондырғыларды, төрт түлік, құс сатып алуға болады. Биыл өз ісін ашушыларға 430 млн теңгенің 338 гранты бөлінді. Әзірге тек 30 адам ғана бұл мүмкіндікті пайдаланды», деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ринат Елжасов.
2017-2021 жылдары «Еңбек» бағдарламасы аясында СҚО-да 34 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Биыл бұл шара 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында жалғасады. Университет, колледж және 11-сынып түлектеріне басымдық беріледі.
«Жоба аясында жастар кәсіби білім алуға, әлеуметтік жұмыс орындарында тәжірибе жинау үшін еңбектенуге, жастар тәжірибесіне қатысуға, басқа өңірлерден қоныс аударуға және өз ісін ашу үшін грант алуға мүмкіндіктері бар. Жыл басынан жобаға 1 300-ден астам жас қатысты, оның 63%-ы – ауыл тұрғындары», дейді Ринат Елжасов.
Биыл жұмыссыз жүрген 500 адам алғашқы кәсіпті тегін меңгере алады.
«Әлеуметтік жұмыс орнына 46 адам орналастырылды. Бұл көмекті университет пен колледжді бітіргеніне 3 жыл тола қоймаған жастар ала алады. Жастары 29-дан аспауы керек. Олар бір жылға қабылданады, еңбекақысы 30 АЕК-тен төмен болмайды. Алғашқы жұмыс орны жобасына 188 адам қабылданды. Мұнда да өз талаптары бар, жасы 29-дан аспауы тиіс, бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген, тәжірибесі жоқ мамандар 1,5 жылға жұмысқа алынады. Еңбекақысы 30 АЕК кем болмайды, жұмыспен қамту орталығы оның алғашқы жылының еңбекақысына субсидия бөледі. Ал, «Ұрпақтар келісімшарты» аясында 28 жас жұмысқа орналасты», деп түсіндірді ол.