Кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Бұл – бүгін болатын ҚХА ХХІ сессияның алдындағы ең үлкен мәжіліс.
Оның жұмысын Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды. Өзінің кіріспе сөзінде ол Мәжіліске Парламент депутаттары, Астана және Алматы қалалары мен облыстар әкімдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ҚХА аймақтық хатшылығының басшылары, министрліктер мен ведомстволар өкілдері қатысып отырғанын атап өтті.
Сөз кезегі бірінші болып Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековке берілді. Ол өзінің сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін «Қазақстан-2050 Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясының маңызы мен рөліне тоқталып өтті. Осы форумда берілетін тапсырмалар келесі жылы аталып өтілетін Ассамблеяның 20 жылдығы қарсаңындағы жұмыстардың негізі болады, деді ол. Қоғамдық келісім мен ел бірлігі Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына жетудің ең басты шарттарының біріне айналды. Ол сан мәрте дәлелденіп келеді және Ассамблея жұмысының басты мақсаты. Ассамблея жаңа жағдайларда жалпыазаматтық саясаттан жоғары әрі жалпыұлттық институтқа айналып келеді. Ал оның миссиясы ХХІ ғасырда кеңейе түсуі қажет, деді одан әрі Мемлекеттік хатшы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өткеннен бері жалпы мемлекеттік этносаясат және ҚХА институтын нығайту бойынша үлкен жұмыстар істелді. Соның ішінде Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған даму тұжырымдамасын» бекітті. Бұл құжат құрылым жұмысының болашақтағы даму бағыттарын айқындады. Сонымен қатар, аймақтық ерекшеліктер мен этно-демографиялық ахуалды есепке ала отырып, өңірлердегі Ассамблеяның даму тұжырымдамасы қабылданды, дей келіп, одан әрі Мемлекеттік хатшы Астана қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдіктеріндегі Ассамблеяны қолдау жұмыстарына тоқталып, олардағы арнаулы Достық үйлері құрылысының 2015 жылға дейін аяқталуы керектігін ескертіп өтті. Бұл туралы осы айдың аяғына дейін ақпарат берулерің керек, деп Ә.Жақсыбеков нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерінен аймақтық Ассамблеяның жұмысшы органдарын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге және ресурстармен нығайтуға бағытталған шаралар қолдануды сұрады.
Өзінің сөзінде Мемлекеттік хатшы Ассамблея жұмысын ақпараттық-сараптамалық қамсыздандыру бағыты жаңа деңгейге көтерілгенін айтып өтті. Бұл бағытта өте үлкен және жан-жақты жұмыстар жүргізілуде және олар атқарушылардың өзара тығыз байланыста болуын қажет етеді, дей келіп, Ә.Жақсыбеков Ғылыми-сараптамалық кеңес алда болатын отырыстарының бірінде өз әрекеттерін басқа атқарушылардың жұмыстарымен үйлестіру мәселесін қарастыруы керектігін айтты. Одан әрі шешен ҚХА-ның атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп өтті.
Қазіргі кезде бұл құрылым ақпараттық және қоғамдық-саяси жұмыстар бойынша үлкен жобаларды іске асыруда. Олар Қазақстанның барлық тұрғындарын қамтып отыр. Соның ішінде, деді Мемлекеттік хатшы, Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы елдің қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде үлкен резонанс тудырған жаңалық болды. ҚХА-ның 20 жылдығына орай бұл мега-жобаның екінші кезеңі де басталып кетті. Оның басты идеясы елдің бірлігі, көптүрлілігі және әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарына негізделген.
ҚХА жұмысының тағы бір бағыты партиялараралық ынтымақтастыққа бағытталған. Бұл орайда Ассамблеяның Мәжілістегі фракциясы белсенді қызметтер атқаруда. Сондай-ақ, аймақтық мәслихаттарда да ҚХА-ның мүдделерін қолдайтын депутаттар тобы қалыптасқан. Ассамблеяның осы бағыттардағы жұмысының ең жоғары нәтижесі ретінде елдегі саяси партиялармен ынтымақтастық туралы меморандум қабылдау қол жеткізілгенін атап өтті. Сөйтіп, этносаралық қатынастарды, ұлттық бірлікті саясиландыруға жол бермеу қағидаты қамтамасыз етілді, деді Мемлекеттік хатшы.
Өзінің сөзінде Ә.Жақсыбеков ҚХА-ның 20 жылдығын атап өту мәселелеріне де тоқталып өтті. Осыған байланысты Ассамблея Хатшылығына барлық этномәдени бірлестіктердің, аймақтар әкімдері мен тиісті құрылымдардың осы мәселеге қатысты ұсыныстары мен пікірлерін жинап, оларды қорыту туралы тапсырма берілгенін атап өтті. Ертеңгі болатын сессияда айтылатын тапсырмаларды ескеріп, олар біртұтас жоспарға айналуы керек, деді ол. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы 2015-2017 жылдарға арналған ҚХА-ның даму тұжырымдамасы мен Ұлттық бірлік доктринасы да қабылданатынын атап өтті. Мен біздің жұмысымыздың сапалылығы Қазақстандағы бейбітшілік пен қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін, деді ол сөзінің аяғында.
Отырыс барысында өз өңіріндегі ҚХА жұмыстарына байланысты атқарылып жатқан істер жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөйледі. Сондай-ақ, ведомстволар басшылары арасынан Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов сөйлеп, ҚХА-мен ынтымақтастық мәселелеріне тоқталып өтті. Ал Мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко Қазақстан украиндары радасының жұмысы туралы айтты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».