– Маған автосалон менеджері сату-сатып алу келісімшартына қол қою қажеттігі туралы қуанышты хабар жеткізді. Жаңа көлікті жеңілдетілген несиемен сатып алғаныма қуаныштымын. Өйткені 16 мамырда басталған жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен 4 пайыздық несие алуға болады. Жеті жылға 10 млн теңгеден аспайтын несие беріледі екен. Ал сатып алатын көліктің бағасы 15 млн теңгеден аспауы керек. Осындай себеппен, Сhevrolet Cobalt көлігін таңдадым. Көлік құны – 6 млн 490 мың теңге. Ай сайын 101 мың теңге төлейтінім көрсетілген жеңілдетілген автонесиені 6 жылға рәсімдедім, – дейді Асхат Ищанов.
«Вираж» компаниялар тобының директоры Ерасыл Шәріповтың мәліметінше, Сhevrolet көлігін сататын автосалонға 400 атыраулықтан өтініш түскен. Оның ішінде 120 адам VIN-код алған. Ал өзгелері резервтік тізімге енгізіліп отыр. Өйткені бәріне жаңа көлік жетпейді. Қазір компанияның қоймасында осындай 120 көлік қалған.
– Біз жаңа көліктерге алдын ала өтінім беріп қойдық. Жаңа көліктер үш айдың ішінде келеді. Біздің клиенттерден Chevrolet Cobalt пен Chevrolet Nexia маркалы көлікке сұраныс артып тұр. Былтыр елімізде осындай маркалы 25 мыңнан астам көлік сатылды, – дейді Ерасыл Шәріпов.
Атырау облысы