Кездесу барысында 5 маусымға белгіленген жалпыхалықтық референдумның тақырыбын түсіндіру, сондай-ақ еліміздің Негізгі Заңына енгізілетін түзетулер мен толықтырулар туралы әңгіме болды. Ақмола облысы бойынша референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабы өкілдігінің басшысы, «Ақмола облысының әкелер кеңесі» ҚБ төрағасы Ерлан Закирьянов және Ақмола облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов басқосу кезінде саяси науқанның тарихи маңыздылығын атап өтті.
Штаб мүшелері республикалық референдумның негізгі мәселелеріне, сондай-ақ Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар туралы, атап айтқанда, Президенттің өкілеттігін қысқарту, Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, құқық қорғау саласын нығайту мәселелеріне кеңінен тоқталды.
«Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар Қазақстан тарихында жаңа тарауды ашады, ал мемлекеттің саяси жүйесін қайта іске қосудың өршіл мақсаттары қоғам мен ел өміріне жан-жақты әсер етеді», деп атап өтті спикерлер.
Кездесу барысында серіктестік қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға тиісті түсініктемелер мен жауаптар берілді. Іс-шара соңында «Гормолзавод» ЖШС ұжымы ұсынылған өзгерістерге қолдау білдіріп, референдумға қатысуға дайын екендіктерін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы «2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойған күннен бастап облыста білікті заңгерлер, оның ішінде әділет, сот жүйесі ардагерлері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшыларының басын біріктірген референдумды қоғамдық қолдау республикалық штаб өкілдігі құрылған болатын. Сол уақыттан бері республикалық штаб өкілдігі өңірдің әр аудан, ауылында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінгі күні штаб 40 мың адамды қамти отырып, мыңнан астам іс-шара өткізді.