Руханият • 26 Мамыр, 2022

Тәкаппарлық: «Мен» және «Біз»

1450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адамның өмірі мақсаттардың тізбегі іспеттес, оған қол жеткенде алдынан бақыт күтіп тұрғандай болып көрінеді. Бұл бір нүктеден екінші нүктеге дейінгі жарыс сияқты. Ондағы соңғы нүкте – рухани азып-тозу.

Тәкаппарлық: «Мен» және «Біз»

Бір өкініштісі, адам бақытқа ұмтыла отырып, бақыттың өз жанында жүргенін түсіне бермейді. Бірақ мұны көбіміз өміріміздің соңында ғана түсініп жатамыз. Оның себебі, адамның барлық күші, әдетте, басында шоғырланатындықтан ол өмірінің әр сәтін өн бойынан өткізіп, шынайы өмір сүруге шамасы келмей қалады.

Тәкаппар адам менмендік көрсетіп, мен бәрін білемін деп, өз еңбегін негізсіз асыра бағалап, оны айналадағылардың бәріне мойындатуға ұмтылғыш келеді. Осын­дай­лар мен басқалардың арасында білу мен есту мәселесінде үлкен алшақтық пен айыр­машылық бар. Өркөкірек адамдардың қолынан естігеннен басқа ешнәрсе келмейді. Ол кез келген іске сыртынан қарап, тек бақылап қана тұрады, бірақ өзі оған тікелей араласпайды. Бұл құрғақ сөз емес, білімге негізделген тәжірибе. Олардың өздерінің басқа адамдардан артықшылығына сенетіндігі соншалықты, айналасындағылардың жетістіктерін мойындамай, керісінше, өздерінің бойын­дағы кемшіліктерді байқамайды. Мұндайлар адамға жақсы сөз де айта алмайды. Тәкаппарлық пен адам бойындағы кәдімгі адами мақтаныш сезі­мінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей, бұлар бір-біріне сәйкес келмей­тін, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұғым­дар. Тәкаппарлықтың сананы соқыр етіп, бұл­дырататыны соншалық, ондай адам біреудің дұрыстығын мойындай алмайды.

Өмір бойы жинақталған сенімдер мен қағидалардың көрінісі ретінде тәкаппарлық пен мақтаншақтықтың адамды парасатты ойлау мүмкіндігінен айырады. Ол өзінің ерекшелігіне, «тобырдан» моральдық артық­шылығына қатты сенеді. Осындай мінез-құлық келіп ашуды, өшпенділікті және зұлым­дықты тудырып, сынға төзбеушілік және мақ­тауға деген құмарлық, надандық,  пасықтық пиғыл, басқаларды менсінбеушілік пен өзімшілдікке ұрындырады. Менмендік қорқыныш пен оқшау қалу сезімінен туындайтын қараңғы түнек ретінде адамды жалғыздыққа ұшыратады. Тәкаппар адам кешіруді де, кешірім сұрауды да білмейді, достыққа да жоқ. Тәкаппарлық сананы соқыр етеді және адам біреудің дұрыс өмір сүруі мен адалдығын мойындай алмай, ұяттан жұрдай бола бастайды. Ол адамның рухын аздырып, намысын тоздырады, қоғамды рухани әлсіретеді, моральдық құлдырауға тірейді және адами қасиеттерін төмендетеді.

Шектен тыс ашу бар жерде күмәндану, қорқыныш, ұят, кінә, салыстыру қатар жүреді. Бұл қасиеттер ғаламдық энергияға қарсы келіп, адам тірі тозақ жағдайында өмір сүретін болады. Бұған әр адамда бар жоғары «Мені» ықпал етеді. Өйткені ол сен туралы бәрін біледі және сенің барлық тілектеріңді орындауға дайын тұрады. Егер, мәселен, сен бірдеңені ұрламақ болсаң немесе біреуді даттағың кел­се, онда бұл жаман пиғылдағы ойларың тура­лы ақпаратың жаңағы жоғары «Меніңе» жетіп, ол бұл хабарды қабылдап, лезде іске кірісіп, жаман қалауыңды орындайды. Осылай адамдардың бойында және қоғамда ұрлық-қарлық пен басқаның арқасында күн көру қуаты күш алады. Демек, осындай кінә, ұят сізге әлеуметтік түрде жүктеледі. Мұның бәрі сіздің басыңыздағы бағдарламаға айналады.

Сондықтан альтруистік көзқарастарды тәрбиелей отырып, «Мен-мен» дегеннен гөрі «Біз» дегенді түсініп, оны қабылдаған жөн. Біздің әрқайсымыз «Мен» бола тұра, бірақ бәріміз өзіміздің ұжымдық ақыл-оймен байланыстылығымызды естен шығар­мағанымыз дұрыс. Сондықтан «Бізді» бірліктің нышаны ретінде дәріптеп, оны қоғамдық ортада әдетке айналдырудың маңызы зор. Өйткені осы ұжымдық ақыл оң энергияға ие болған жағдайда, ол өзінің қуатының молдығын және өмірдегі керемет нәрселерге қабілеттілігінің барлығын көрсете алары хақ. Мұнда барлығы жекелеген әр адамға және біздің ішкі әлеміміздің құндылықтарына байланысты. Ерте ме, кеш пе, бұл мәселелерді түсіну үшін жұмыс істеуге тура келеді. Ол өмір­лік үдеріспен үндес болу керектігін мең­зейді. Адам бүкіл эмоциямен толыққанды және басындағы осы проблемаларды еңсеру бағытында қалыпты өмір сүруге қол жеткізуі керек. Сонда ғана оның бойына қуаты ора­лады. Сонымен, ішкі дүниемізде тозақ немесе жәннат жасаудың кілті әркімнің өзіне бай­ланысты болатындығын және оның қаншалықты жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететінін ұғынып, қоғамның кеселінің бірден-бір емі – оған тіке қарау екенін терең түсінген жөн.