Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қарапайым адам мен мемлекет экономикасының арасындағы байланысты былай түсінуге болады: егер адам өз еліндегі өмір сапасына қанағаттанса, балаларының болашағына сенімді болса, онда ол басқа жақтан Жерұйық іздемей, осы мемлекетте бизнесін ашады, кәсіпорнын дамытады, жұмыс істейтін компаниясының көрсеткіштерін жақсартады. Бұл ретте еліміздегі еңбек нарығына үңіліп көрейік. Ресми деректер бойынша халықтың еңбек табысы кейінгі 10 жылда 10,9 пайызға, дәлірек айтқанда 2010 жылғы 80,9%-дан 2021 жылы 70%-ға дейін төмендеді, ал әлеуметтік трансферттердің үлесі 15%-дан 26%-ға дейін өсті. Халықтың тек 20%-ында ел бойынша орташа номиналдан асатын кіріс бар.
Сондай-ақ 2010 жылдан бастап жұмыс орындарының тек 20%-ы жоғары өнімді салаларда, 42%-ы еңбек өнімділігінің орташа деңгейі бар секторларда (негізінен көтерме және бөлшек сауда), ал 38%-ы төмен өнімді секторларда – негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару сияқты басым салаларда құрылды.
Стратегиялық даму және реформалар агенттігінің басшысы Әсет Ерғалиевтың айтуынша, Дүниежүзілік банк әлемдегі адам капиталын үнемі зерттеп отырады. Мұндағы индекс жаңа ұрпақтың адам капиталының даму деңгейін өлшейді. Қазақстанда бұл зерттеу 2010 және 2020 жылдары жүргізілді. Осы он жыл ішінде индекстің жалпы көрсеткіші 0,4 пунктке ұлғайып, барлық компонент бойынша ел көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалды. Бірақ Қазақстанның көрсеткіштері ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда барлық жағынан төмен.
– Бағалар мен рейтингтерге түрлі көзқарас болуы мүмкін. Кейінгі зерттеудегі өсуді көріп, тоқмейілсуге де болады немесе нәтижелерге мұқият қарап, содан кейін біз елдегі адам капиталының деңгейі жеткілікті жоғары емес және біркелкі бөлінбейтінін көреміз. Елдің 2020 жылғы адам капиталы индексі ЭЫДҰ-ға мүше елдер бойынша 74%-ға тең орташа көрсеткішпен салыстырғанда бала әлеуеті бойынша адам капиталының тек 63%-ына жететінін көрсетеді. Бұл адам капиталының шамамен 40%-ын жоғалтуды білдіреді, яғни бүгінде туған бала, егер ол толық, сапалы білім мен денсаулыққа ие болса, 63%-ға ғана өнімді болады, – деді Ә.Ерғалиев.
Еліміздегі адам капиталының нашарлауының негізгі факторлары – білім беру, денсаулық сақтау және еңбек нарығы жүйелерінің эпидемиялық әсер ету факторларына дайын емес екені. Мұны Сovid-19 пандемиясы айқын көрсетті. Бұған қоса жүйелі проблемалар – өңірлік сәйкессіздіктер бар. Елде білім беру мен денсаулық сақтау сапасының алшақтығы аймақтар арасында, әсіресе қала мен ауыл арасында өте үлкен. Жалпы, ел индексінің көрсеткіші – 0,63-ке тең. Көрсеткіштер Атырау облысында 0,57-ден, Нұр-Сұлтанда 0,69-ға дейін құбылады. Бұл ретте табиғи ресурстарға бай кейбір өңірлер, мысалы, Атырау және Маңғыстау облыстары аз қамтамасыз етілген өңірлерге қарағанда адам капиталы бойынша төмен көрсеткіштерге ие.
Өңірлер арасындағы бұл айырмашылықтарды айқындайтын ең үлкен фактор – білім беру сапасы. Дүниежүзілік банк зерттеуі «білімді игеру» сияқты көрсеткішті қамтиды. Белгілі болғандай, кейбір өңірлерде алған білім біліктілікке айналмайды: елордада мектепте оқытудың орташа ұзақтығы 14 жылға жақын, ал білім бойынша орташа балл 440-қа жуық. Шымкентте мектепте оқу ұзақтығы Нұр-Сұлтан қаласымен бірдей, бірақ орташа білім 401 балға бағаланады. Өңірлер бөлінісінде ең төмен және жоғары көрсеткіштер арасындағы алшақтық 84 балды құрады, бұл 3 оқу жылына сәйкес келеді.
– Елде ештеңе жасалмады деп айтуға болмайды. Әрине, жаңа мектептер мен ауруханалар салынды, ауылдық жерлерде жас мамандар үшін арнайы мемлекеттік қолдау бағдарламалары жасалды. Бірақ халықаралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелері орта білім беру сапасында үлкен алшақтық бар екенін көрсетеді. Өңірлер, аумақтар (қала-ауыл), оқыту тілі және отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бойынша үлгерімде елеулі алшақтық анықталды. Мәселе ауылдағы балалар білімсіз деген сөз емес, біздің ауылдарда ақылды және талантты балалар бар. Бұл көрсеткіштер мемлекет ретінде осы дарынды балалардың өз әлеуетін толық көлемде ашуы үшін жеткіліксіз жағдай жасадық дегенді білдіреді, – деді Ә.Ерғалиев.
Ауыл мектептерінде әлі күнге дейін, әсіресе жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша жоғары білікті педагогтердің тапшылығы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың даму мәселесі шешілмеген. Ауылдық жерлерде орналасқан 2 мыңға жуық мектепте интернет байланысы жоқ. Бұл ауыл мектептері 1,5 млн-нан аса бала оқитын мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің жалпы санының 70%-ын немесе оқушылардың жалпы контингентінің 42%-ын құрайды. Бұл – өңірлер, қала және ауыл арасындағы оқушылар үлгерімі бойынша алшақтықты азайту үшін қажетті шаралар қолданылмаса, ел үшін әлсіреуі мүмкін зор әлеует.
Оқыту сапасындағы алшақтық мәселесі кәсіби білім беру жүйесінде де бар. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауы бойынша жоғары білім сапасынан ең артта қалған (Қызылорда облысы) және көшбасшы (Алматы) өңірлер арасындағы алшақтық 15 тармақты құрайды. Бұл Қырғызстан мен Аустрия арасындағы айырмашылыққа тең. Мұның тікелей салдары – жыл сайын 225 мың түлектің 70 мыңнан астамы жұмысқа тұрмайды, түлектердің 40%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді және жоғары білімі бар жастардың 23%-ы біліктілігі төмен жұмыста қызмет етеді.
Денсаулық сақтаудағы жүйелі проблемалар адам өмірінің сапасына да, ұзақтығына да тікелей әсер етеді. Айтпақшы, 2020 жылы, оның ішінде пандемияның әсерінен 2019 жылмен салыстырғанда өмір сүру ұзақтығы 1,8 жылға азайып, 71,37 жасты құрады. Бұл көрсеткіштің 3 жылдан аса уақытқа айтарлықтай төмендеуі Маңғыстау облысында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында байқалды.
Денсаулық бойынша адам капиталы индексінің дамуына «5 жасқа дейінгі балалардың өмір сүру деңгейі» көрсеткіші зор үлес қосады. Жалпы, Қазақстан бойынша бұл 99%-ды құрайды, 2020 жылы 5,5 жастан 7 жасқа дейін ұлғайды. Ел көрсеткішінің жоғары болуына қарамастан, өңірлер арасында алшақтық бар: 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш бойынша ең жақсы жағдай Нұр-Сұлтан қаласында болды, одан кейін Ақмола және Павлодар облыстары, ал ең нашары – Қызылорда облысында. Бұл ретте коронавирустың күрделі ағымы мен жүкті әйелдердегі қатар жүретін аурулар ерте жастағы балалардың өлімі көрсеткішінің өсуіне әсер еткенін айта кету керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, семіздік пен темекі шегуге байланысты үрдістер аймақтар бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Темекі шегушілердің ең көп үлесі Солтүстік Қазақстан (24,4%) және Павлодар облыстарында (23,6%), ал ең төмен үлесі Маңғыстау (13,9%) және Түркістан облыстарында (14,2%) кездеседі. Семіздік бойынша ересек тұрғындар арасында жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтанда (48%) байқалса, ең төмен көрсеткіш Қостанай облысында (7%) тіркелген.
Кейінгі екі жылда денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесі профилактикалық және амбулаториялық көмектің қысқаруына әкелді. Медициналық кадрлардың жетіспеушілігі, әсіресе солтүстік және батыс аймақтарда байқалады. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтерге біркелкі қолжетімділіктің болмауына және денсаулықтың негізгі көрсеткіштеріндегі аймақтық айырмашылықтарға әсер етеді.
Білім берудегі жүйелі проблемалар құрылымдық реформаларды талап етеді. Стратегиялық даму және реформалар агенттігі шешуді талап ететін айқын міндеттердің бірі ретінде мұғалімдерді ауылдық жерлерге тарту, оқу бағдарламаларын жаңғырту, техникалық және кәсіптік білім берудің (ТжКБ) нарықтық сұраныс пен қажеттіліктерге сәйкестігі деп белгіледі. Мұғалімдердің кәсіби даму мүмкіндіктері кеңейтілуі керек. Мектеп инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігі өте жоғары. Мектептердегі екі немесе одан да көп ауысымның және жабдықталған ғылыми зертханалар мен базалардың жетіспеушілігінің кері әсері бірнеше рет атап өтілді. Сонымен қатар студенттердің еңбек нарығындағы дағдылар мен ережелерге, оның ішінде мамандарды педагогикалық даярлауды күшейту және өндірістен педагог кадрларды тарту, ТжКБ деңгейінде біліктілікті арттыру орталықтарын құру, технологиялық өзгерістерді ескере отырып, ТжКБ инфрақұрылымын тұрақты жетілдіру арқылы сапалы әсер ететін түбегейлі реформалар қажет.
Ал денсаулық сақтау жүйесінің реформалары медициналық көмектің сапасына және созылмалы аурулардың қаупін азайтуға, ұсынылатын медициналық қызметтерді алғашқы медициналық-санитарлық көмекке және сырқаттанушылықтың профилактикасына қайта бағдарлауға бағытталған бастамаларға назар аударуға тиіс. Бұл ретте теңсіздікті төмендету және адам капиталын дамыту басым түрде артта қалған өңірлерге әсер етіп, халықтың неғұрлым осал топтарына басымдық берілуге тиіс.