Отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
«Келісім бойынша әскери мүлік бір мәрте беріледі. Оның атауы мен көлемі дипломатиялық арна арқылы келісілді. Қазақстан тарапы мүлікті Қырғызстанның Қойташ елді мекеніне дейін автокөлікпен жеткізеді. Шығынды өзі көтереді. Қырғызстан тарапы алған мүлікті тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдалана алады, үшінші тарапқа бермейді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге қарсы қолданбайды. Орталық Азияға іргелес аумақта шиеленіс болғанда, өңірлік қауіпсіздікке сын-қатер төнген жағдайда әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан қарулы күштерінің оған тойтарыс беруіне, Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Вице-министрдің айтуынша, әскери мүлік тізімі анықталған. Ол дипломатиялық арна арқылы келісілді. Бұған қару-жарақ, оқ-дәрі, бақылау және барлау жабдықтары кіреді. Қазіргі уақытта әскери-техникалық көмектен басқа жауынгерлік даярлық пен кадр даярлау жұмыстары жүріп жатыр.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары басталады. Осы сапар аясында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізіледі деп күтілуде. Біздің бүгін қараған заңымыз да бауырлас екі елдің өзара қарым-қатынасын, соның ішінде әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Сондай-ақ бұл Келісім Орталық Азияда тұрақтылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Бұл құжат қазақстандық кәсіпорындардың Арменияға мұнай, электр энергиясы, табиғи газ және көмірден басқа тауарлар жеткізу үшін қажетті жағдай жасауды, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ЕАЭО елдеріне келетін бақыланбайтын ағындарынан нарықты қорғауды мақсат тұтады.
Одан бөлек, Палата отырысында депутаттар «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру шаралары жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың ақпаратын тыңдады.
«Бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсуге арналған. Азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдайлар жасау, сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке баулитын жанама шаралардан құралған. Тікелей шараларға келсек, 1,1 млн-нан аса жұмыскердің еңбекақысын арттыру көзделген. Соның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлық ақысы ұлғайтылады. Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 173,5 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі.
Биыл сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5-тен 48 пайызға дейін көтерілді. Бұл ретте жалақысы төмен лауазымдарға басымдық берілді. Айталық, «Қазпошта» жүйесіндегі жүргізуші-курьердің жалақасы 144 мың теңгеден 237 мың теңгеге дейін өсті. Осылайша, қазірдің өзінде азаматтардың табысын арттыру бойынша нақты іс-шаралар іске асырылды», деді Е.Тоғжанов.
Премьер-Министр орынбасарының сөзіне сүйенсек, қордың ішкі резервтері есебінен қызметкерлердің кірістерін арттыру бойынша жұмыс жалғаса бермек. Жыл соңына дейін тағы 4 компанияда өндірістік персонал жалақысы 5 пайыздан 18 пайызға дейін өседі.
«Бұдан бөлек мемлекеттен қолдау шараларын алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен онда істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі. Екі апта бұрын Қарағанды облысында ірі бизнестің қатысуымен бұл бағытта атқарылған жұмыстардың алдын ала қорытындыларын тыңдадық. Нәтижесінде, қазірдің өзінде Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жалақы мөлшерін 15 пайыздан 30 пайызға дейін өсіруге қол жеткізілді.
Экономиканың түрлі саласында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Соның ішінде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікте – 950 мың, инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде – 583 мың, агроөнеркәсіптік кешенде – 458 мың, туристік салада 59 мың адам жұмыспен қамтылады», деді Е.Тоғжанов. Спикердің мәліметіне сәйкес өнеркәсіп саласында барлығы 713 жоба жоспарланған. Биылдың өзінде 165 жоба іске қосылып, 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Жаңа өндіріс орындарын құру жобалары тек ірі қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендер мен моноқалаларды да қамтиды. Моноқалаларды дамыту мәселесі күн тәртібінде. Сондықтан Қарағанды облысының Саран қаласы үлгісінде моноқалаларды қалпына келтіру міндеті тұр. Қалада іске қосылатын 3 негізгі жоба шиналар өндірісі, тұрмыстық техника, жүк автомобильдерін өндіруге бағытталған. Онда барлығы 2500 жұмыс орны құрылады.
Жанама шаралар – өңдеуші өндірістің өнімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, кәсіптік даярлауға бағытталған. Азаматтардың кәсіпкерліктен түсетін табысын арттыру мақсатында елімізде 50-ден аса ірі кәсіпорындар айналасында Шағын және орта бизнес белдеуін құру көзделген. Оның бір көрінісі ретінде Қызылорда облысындағы шыны зауыты айналасында 8 шағын зауыттан тұратын шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін қалыптастырады», деді Е.Тоғжанов.
Премьер-Министрдің орынбасары 2025 жылға дейін халықтың сатып алу қабілетін қорғау мақсатында импортты азайтуға ден қойылып отырғанын жеткізді. Соған байланысты ірі 87 тауарлы сүт фермасы, 14 ет комбинаты, 17 құс фабрикасы іске қосылып, 6,6 мың гектар бақ пен қант зауыты пайдалануға берілмек.
«Сонымен қатар бақша, сүт, бал өнімдерін өндіретін 9 мыңнан аса отбасылық қосалқы шаруашылықты біріктіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланды. Жалпы, жоғарыда атап өткенімдей, 2025 жылға дейін 450 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланған агроөнеркәсіп саласын дамыту «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылады.
Бұл ретте отбасылық шаруашылықты дамыту бойынша Жамбыл облысында тиімді іске асырылған қанатқақты жобаны еліміздің басқа аймақтарына тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба 2019 жылдан бері 11 ауылдық округте іске асырылды. Нәтижесінде, жобаға қатысқан 2,5 мың отбасының табысы 4 есеге артқан. Бұл ауылдардағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65 пайызға азайған. Кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өскен, яғни әрбір үшінші отбасы кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Қазір 11 ауылдан түсетін жыл сайынғы салық түсімдерінің көлемі 125 млн теңгеге жетті», деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар баяндамашы бағдарламада халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының тұрақты табысын қалыптастыру бойынша кешенді шаралар қамтылғанын атап өтті. Атап айтқанда, көпбалалы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға үй жағдайында табыс табуға мүмкіндік жасау көзделген.
Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстан өтіп, өз ісін ашу бойынша тегін консультация алады. Нәтижесінде, жыл сайын 20 мың әйелді жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жұмыстарды Аналар кеңесі үйлестіреді және өңірлердегі отбасыларды қолдау орталықтары арқылы жүргізеді. Сонымен қатар осы бағытта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту тетіктері жетілдіріледі. 2025 жылға қарай жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдардың кемінде 30 пайызын жұмыспен қамту жоспарланған.
«Бүгінде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі – креативті индустрия саласы. Әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн долларды құрайды.Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын-сауық нарығында жетінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі 12 млрд доллардан асты.
Сондықтан креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымы бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз. Екіншіден, мәдениет ұйымдарында құрал-жабдықтар қолдана отырып жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға толықтай мүмкіндік беріледі.
Үшіншіден, қазір мәдениет ұйымдарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Түскен табыс сол ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арттыруға жұмсалады. Бұл мәдениет ұйымдарын экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді», деді Е.Тоғжанов.
М.Әшімбаев Мемлекет басшысы қолға алған елді жаңғырту бағдарының басты мақсаты әр қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту екенін айтты.
«Халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет. Мемлекетке деген сенім мен барлық жаңғыру реформасының табысты болуы да осы міндетке тікелей байланысты. Азаматтар жағдайының жақсарғанын нақты сезінуі керек. Ендігі жерде «бөлінген қаражатты игерсек болды» деген бұрынғы тәсілдермен жұмыс бітпейді. Сондықтан жобалық тәсіл қағидатын енгізу – құптарлық дүние. Оның ішінде жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін нақты басшылардың жеке жауапкершілігін қарастырған жөн. Бағдарламалардың іске асырылуын бақылау тетіктерін де жетілдіру керек», деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ Палата Спикері аталған бағдарламаны іске асыруға көптеген мемлекеттік органның қатысатынына назар аударып, олардың жұмысын тиімді үйлестіру айрықша мәнге ие екенін тілге тиек етті.
«Жалпы, бағдарлама аясында қолға алынатын шаралар 3,8 млн адамды қамтиды. Бұл еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Осы ретте бағаның негізсіз өспеуі аса маңызды. Сонда ғана халық жағдайының жақсарғанын шын сезіне алады. Сондықтан Табысты арттыру бағдарламасының тағы бір міндеті инфляцияны ауыздықтау екенін естен шығармау қажет», деді Мәулен Әшімбаев.
Талқылау соңында Парламент Сенаты халықтың табысын арттыру жолында Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге және заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге дайын екені айтылды.