Референдум • 27 Мамыр, 2022

Азаматтық ұстанымның айқын көрінісі

356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының өкілдері Қостанайда көшпелі отырыс өткізіп, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының алдағы саяси науқанды ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген өңірлердегі қоғамдық штаб өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен, саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдерімен кездесті.

Азаматтық ұстанымның айқын көрінісі

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінде өткен алқалы жиында еліміздің сол­түс­тік аймақтарының 5 мамыр­да өте­тін республикалық рефе­рен­думға дайындық барысы тал­қы­­лан­ды.

– Референдум – халы­қ билі­гінің, әрбір қазақс­тан­дық­тың өз аза­маттық ұстаны­мын білдіру ар­қылы Жаңа Қазақстанды құ­ру­ға елеулі үлес қосуының жар­­­қын көрінісі. Алдағы рефе­рен­­думның тарихи мән-маңызы тұтастай ұлттың тағдырына қа­тыс­­ты мәселелерді халықтың тал­­қ­ысына шығару, бұқара көп­ші­ліктің мемлекеттік билікке тіке­лей қатысуын қамтамасыз ете отырып, демократия негіз­де­рін орнықтыру.  Бүгін алды­мыздағы маңызды саяси нау­қанға өңірлерде жүр­гізіліп жат­қан дайындық жұ­мыс­тарын бір пысықтап алып, референдумның мән-ма­ңы­зын халыққа түсіндіру ба­ры­сындағы озық үлгілерді, тиім­ді тәжірибелерді бөлісу мақ­са­тын­да бас қосып отырмыз, – деді Қа­зақ­стан депутаттары бір­лес­­тігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев.

Одан кейін төрт облыстағы өңірлік штаб басшылары рефе­рен­думға дайындық бары­сы­­ның қалай жүріп жатқаны тура­лы есеп берді. Мәселен, Қоста­най облысындағы өңірлік штаб мүше­сі Абай Дүйсековтің айтуынша, референдумның ел тари­хын­дағы орны ерекше екенін ха­лыққа жеткізу мақсатында об­лыста 10 мамырдан бүгінге дейін 600-ден астам іс-шара ұйым­дас­ты­рылған.

– Қалалар мен ауылдарды ара­лап, жергілікті тұрғындармен кез­­десулер өткіздік. Көпшілік тара­­пынан түскен сауалдарға жауап бердік. 6 мамырда Қос­танай облысында референдум­ды қолдау жөніндегі республикалық штаб­тың өкілдігі құрылды. Штабты Сенаторлар кеңесінің мүше­сі, заң ғылымдарының докторы Сергей Жалыбин бас­қарады. Штаб құрамында 16 адам жұмыс істейді. Облыс орталығынан тыс қалалар мен аудандарда өз өкіл­діктеріміз бар. Негізгі кес­те бойынша жос­пар­ланған штаб жұмысынан тыс, жекелеген ға­лымдар мен зиялы қауым өкіл­де­рінің, белгілі кәсіпкерлер мен беделді қайраткерлердің халық­пен жеке кездесулері ұйым­­дас­ты­рылды, – деді Абай Дүйсеков.

Қостанайдағы қоғамдық штаб өкілдері бүгінге дейін түрлі кәсіп­орын­дар мен ұжымдарда, жоғары оқу орындарында, алыс-жақын елді мекендерде 523 рет кездесу өткізген. Мұның сыртында, штаб­тың арнайы жедел чаты жұмыс істейді. Онда күн сайын атқа­рыл­ған іс-шаралар ортаға салынып, тезистер талданады. Сондай-ақ ақ­параттық науқанды жақсарту жө­нінде ұсыныстар енгізіледі.

Жиында «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Махаббат Жұтаев жаңарған Кон­сти­туцияның жастарға берер игі­лі­гі мол екенін жан-жақты баяндап өтсе, Қостанай облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Гүлсара Жаманқұлова Ата Заңға енетін елеулі өзгеріс­тер­дің еліміздің гендерлік саяса­ты­ның жетілуіне зор ықпал ете­тінін атап өтті.

 

Қостанай облысы