«Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет», деп жазды Ерлан Қарин Facebook-парақшасында.
Оның атап өтуінше, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдіктің ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын алуға тиіс.
«Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын», деді Мемлекеттік хатшы.
Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желілерде Алматыдағы Балуан шолақ атындағы спорт сарайында өткен «Ирина Кайратовна» тобының концертінен видеоүзінді жарияланды. Онда сахна төрінде тұрған жас әншілердің бірінің Мемлекеттік туды лақтырмақ болғанын көруге болады.