Жыл сайынғы оқу маусымы аяқталарда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Күлтегін күндері” өткізіледі. Бұл мәдени іс-шара уақыт өткен сайын қоғамдық сипат алып келеді десек қателеспейміз. Оның нақты дәлелін аталмыш оқу орнындағы апталыққа студенттер мен оқытушылардан басқа қоғам қайраткерлері, халқымыздың қалаулы, елге еңбектері сіңген азаматтардың қатысқандарынан анық байқаймыз.
Бұрнағы күні университеттегі “Күлтегін күндерінің” аясында филология факультетінде атақты түркітанушы ғалым, Еуразия идеясының бастауында тұрған ірі тұлға Лев Гумилевке арналған шығармашылық кеш өткізілді.
Жиынның алғашқы сөзін университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бесінбай Рахметқазы: “Төл тарихымыздың тамыры тереңде екендігін Күлтегін ескерткіші дәлелдеді. Ұлттық рухани құндылықтар жүйесін ұлттық идеологиямыздың тұғырына айналдыру істері біз үшін аса маңызды. Біздің университетіміз ұлт тарихының іргетасы болып саналатын көне түркі мұраларын зерттеп, оны халық игіліне жаратудағы ғылыми орталыққа айналуы тиіс. Л.Н.Гумилев Еуразия кеңістігіндегі халықтардың тарихын, мәдени құндылығын әлемге танытуда елеулі еңбек сіңірген тұлға”, – деп бастады.
Кеш барысында сондай-ақ осы жоғары оқу орнындағы кафедра меңгерушісі Ғаділбек Шалахметовтің Л.Н.Гумилев туралы жазған “Живя в чужих словах” атты кітабының таныстырылымы болды. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде автор өзінің атақты ғалыммен бірге қызмет істеген кезеңдерінен көптеген естеліктер келтіре келе өз сөзінде: “Күлтегін ескерткішінің ұстын тасында біздің қазіргі қоғамымызға керек, болашаққа үлкен бағдар сілтейтін тың идеялар жазылған. Бұл біз үшін тек қана тарихи ескерткіш емес, кешегіміз бен бүгінгімізді бір-бірімен сабақтастыратын, сонымен қатар ертеңімізге де телегей-теңіз тәлім беретін рухани құндылық. Ал Л.Н.Гумилев туралы айтар болсам, ол кісінің біздің түркі жұртшылығына, әсіресе қазақ халқының рухани өркениеттілігіне қосқан үлесін ешқашан да ұмытпауымыз керек. Бұл азаматтық та, адамдық та борышымыз”, – деді.
Кеште ғұлама ғалымның кітап көрмесі де ұйымдастырылып, соңында оның өмірі мен шығармашылығынан тұратын театрландырылған көріністер қойылды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.