Экономика • 27 Мамыр, 2022

Оңтүстік Корея елшісі Қостанайға жұмыс сапарымен келді

444 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайға Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок жұмыс сапарымен келді, деп жазады Egemen.kz.

Оңтүстік Корея елшісі Қостанайға жұмыс сапарымен келді

Елші «СарыарқаАвтоПром» автозауытына барып, әлемге танымал корей бренді «Kia» автокөлігі құрастырылып жатқан өндіріс алаңының жұмысымен танысты.

Зауыт басшылары мәртебелі мейманға «Kia Sportage» моделінің бесінші буыны шығатын ұсақ торапты құрастыру желісін көрсетті. 

Жаңа үлгідегі корей кроссоверінің шанағы Қостанайда дәнекерленіп жатыр. Шанақты бояу жұмыстары да осында атқарылады. Алайда  зауыт жұмысшылары корейлік құрылғыларды басқаруды әбден меңгеріп алғанша, өндіріске шетелдік мамандар араласатын болады.  

Ку Хонг Сок мырзаның айтуынша, алдағы уақытта Қостанайда жасалатын «Kia» автокөліктерінің жергілікті үлесін арттыру арқылы Қазақстан мен Кореяның көлік өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастығын нығайта түсу көзделіп отыр.

Қостана зауытындағы жаңа үлгідегі ұсақ торапты өндіріс Қазақстанның автоөнеркәсібін  дамытудың жаңа векторы бола алады және жергілікті автозауытты ілгерілететін тиімді тәжірибе болып табылады», деді Елші.

Биыл он екі жылдық белесін бағындырып отырған «СарыарқаАвтоПром» осы уақытқа дейін 200 мыңға жуық көлік құрастырып шығарыпты. Бүгінде Қостанайлық темір тұлпарлардың біразы ішкі нарықтағы сұранысты өтеп жатса, біразы сыртқы саудаға шығарылып жатыр.