36 жыл бұрынғы жарылыс
Тарихқа шегініс жасап көрейік. Рас, ХХ ғасырдың 60-80 жылдар аралығы атом энергетикасының, атап айтқанда бейбіт атомды пайдаланудың гүлдену дәуірі саналды. Атап айтқанда, атом электр стансалары белсенді түрде салынды, соның бірі – Чернобыль стансасы. Оның құрылысы 1970 жылы басталып, алғашқы энергоблогы 1977 жылы КСРО энергожүйесіне қосылды. Кейінірек тағы үш энергоблок пайдалануға берілді, ал стансаның жыл сайынғы энергия өндірісі 19 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайды.
Жалпы, 1986 жылғы апат, Чернобыль АЭС-індегі алғашқы жағдай емес. Одан бұрын 1982 жылы энергоблокты сынамалы іске қосу кезінде реактордың технологиялық арналарының бірі қирап, активті аймақтың графитті қалануы деформацияланды. Зардап шеккендер болған жоқ десек те, төтенше жағдайдың салдарын жою үш айға созылды.
Чернобыльде әлемдегі басқа да стансалар сияқты сынақтар мен тәжірибелер тұрақты өткізіліп тұрды. Өкінішке қарай, кезекті осындай стандарттан тыс тәжірибелердің бірінде апат болды.
1986 жылдың 26 сәуіріне қараған шақта аталған атом электр стансасының 4-ші энергоблогында турбогенератор сынақтары жүргізілді. Реактор тоқтаған кезде апаттық электрмен жабдықтау үшін турбогенератор роторының айналмалы энергиясының бір бөлігін пайдалануға болады деп жоспарланған болатын. Алайда реактордың техникалық шарттары эксперимент талаптарына сәйкес келмегеніне қарамастан, сынақтар жүргізілді. Стансаны пайдалану ережелерін өрескел бұзу және реактордың кейбір құрылымдық ерекшеліктері нәтижесінде түнгі сағат 01.00-ден 23 минут кеткенде энергоблокта жарылыс пен өрт орын алды.
«Чернобыльда орын алған жарылыс шәйнек қағидасы бойынша, яғни қысым арқылы судың еріксіз түрде атқылау себебінен болды. Қайнаған су шәйнектің қақпағын көтере сілкісе, дәл солай Чернобыльдағы реакторда температура өте жоғары жылдамдықпен көтеріліп, ішіндегі су қатты қызудан бірден қайнап, судың буы сыртқа бұрқ етті. Бұл уақытта үлкен қуатты арналық реактор типті реактор қолданылды. Осы орын алған қайғылы оқиғадан кейін әлемнің ешбір жерінде бұл реактор салынбады. Қазіргі уақытта заманауи реакторларда қандай да бір регламенттен тыс зерттеулер бұдан былай жүргізілмейтінін атап өткен жөн», деп түсіндіреді атом инженері Әсет Махамбетов.
Апат ауқымы
Чернобыль апаты атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жантүршігерлік оқиға ретінде бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Реактордың белсенді аймағы толығымен қирап, энергоблок ғимараты зақымданды, радиоактивті материалдардың едәуір бөлігі қоршаған ортаға зиян келтірді. Апаттан кейін үш айдың ішінде ресми түрде 31 адам қайтыс болған, 1987-2004 жылдар аралығындағы 19 өлім оқиғасын апаттың тікелей салдарына жатқызуға болады. АЭС қызметкерлері мен құтқару командаларының 134 адамы өте ауыр дәрежедегі өткір сәуле ауруына шалдықты. Сәулеленудің ұзақ мерзімді әсерінен кейін тағы да төрт мың қосымша өлім болуы мүмкін деген пікірлер бар. Алайда бұл апаттың ұзақ мерзімді салдары туралы ғалымдардың дау-дамайы әлі де жалғасуда.
Чернобыль қасіреті халықаралық қауымдастықтың қандай да бір шараларды қабылдауына негіз болды. АЭС-тегі апаттан кейін көп ұзамай МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттер ратификациялаған екі конвенцияны әзірледі. Оның бірі, төтенше жағдайларды хабарлау, ақпарат алмасу және сұрау салу бойынша халықаралық көмек көрсету үшін халықаралық құқықтық негіз қалайтын ядролық апат туралы жедел хабарлау туралы конвенция. Екіншісі, ядролық апат немесе радиациялық апат жағдайында көмек туралы Конвенция. Бұл конвенциялар МАГАТЭ-ге осы бағыттағы шараларды үйлестіретін халықаралық орталық ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Шынын айту керек, Чернобыль апатынан кейін едәуір атом жобалары тоқтатылып, саланың дамуы айтарлықтай баяулады.
Қателіктер сабағы
1990 жылдардың соңында атом энергетикасы дамудың бұралаң жолына қайта түсті. Неге бұлай болды? Қауіпсіздік мәселесі қайда қалды?
Ғасырлар тоғысында дәстүрлі көмір жағу арқылы алатын электр қуаты адамзатқа, қоршаған ортаға қаншалықты зиянды екенін бәрі түсінді. Энергияның жаңартылған балама көздері – күн және желден энергия алу қазіргі уақытта тұрақсыз және өте қомақты қаржыны талап етіп отыр.
Сондай-ақ атом энергетикасы мен Чернобыль апатының салдары зерделенді. Қауіпсіздік жүйесінің барлық компоненттеріне деген көзқарас, соның ішінде реакторларды қайта құру және жетілдіру жөніндегі әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған әрекеттер қайтадан қаралды. Жұмыс істеп тұрған АЭС-те ядролық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде көптеген шара қабылданды. Чернобыль апатынан кейін техникалық және ұйымдастырушылық шешімдер бірден қабылданды, ал 1987-1991 жылдар аралығында қауіпсіздік жүйесін күшейту жүргізілді, бұл өз уақытында апатқа әкеп соққан жобалық кемшіліктерді едәуір азайтты.
Апаттан алған тағы бір сабақ — төтенше жағдайларды жою жүйесін жетілдіру қажеттілігі. Авариялық сәулелену қаупі төнген жағдайда қызметкерлерді де, басқа адамдарды да барынша қорғап қалу үшін негізсіз араласуға жол бермеу мақсатында авариялық ден қою міндеттерін шешуге тәжірибелі ғалымдар мен радиациядан қорғау жөніндегі мамандар тартылады.
Бүгінде атом энергетикасының мамандары Чернобыль қасіреті қайталанбайды деп сендіреді. Бұған 2011 жылдың 11 мамырында болған Жапониядағы Фукусима-1 атом электр стансасындағы тағы бір үлкен апат себеп бола алады. Бұл апат ядролық оқиғалардың халықаралық шкаласы бойынша максималды, 7 деңгейге, сондай-ақ ЧАЭС апатының деңгейімен теңестірілді. Алайда ядролық шығарындылардың ауқымы бойынша Фукусимадағы апат Чернобылға қарағанда бес есе аз. Сарапшылар жапон атом электр стансасындағы апат жер сілкінісі мен цунамиге байланысты басталды, бірақ оның дамуы мен нәтижелері станса қызметкерлерінің бірқатар сәтсіз шешімдерінің нәтижесінде болды деп сендіреді.
«Станса қызметкерлері жарылысқа әкелетін бірқатар жағымсыз шешімдер қабылдады, бірақ бұл ядролық жарылыс болмады. Ол сутектің жарылуы яғни реактордың ішінде қолданылатын жылу бөлгіш құрастырмалары цирконий қорытпасынан жасалғандықтан, жоғары температурада сумен әрекеттесіп, жарылғыш сутегі газын бөледі. Осы газ ғимараттың ішінде жиналып, жарылыстың болуына әкеп соқты», дейді Ә.Махамбетов.
Әйтсе де, теориялық тұрғыдан апаттың осындай немесе басқа формада қайталануын толығымен жоққа шығаруға болмайды. Бірақ еш сенгісіз адам әсерінен туындайтын кездейсоқтық пен табиғи-төтенше жағдайлардың бір сәтте қатар келуі апатқа әкеп соғуы мүмкін. Әр жаңару мен жаңа технологияның пайда болуы өткен қателіктердің тәжірибесін ескереді. Сондықтан қазіргі заманғы атом реакторларында жобалау сатысында реактордың активті аймағының бұзылуымен болатын апаттардың мүмкіндігін іс жүзінде жою қамтамасыз етіледі, яғни «жобалау кезінде аварияны жою» тұжырымдамасы іске асырылады.
«Реакторлардың жаңа заманауи жобаларында АЭС шегінен шығуға мүмкіндік бермейтін радиоактивті бөлшектердің әртүрлі қауіпсіздік жүйелері пайдаланылады. Сонымен қатар, апат кезінде реактор жұмысының дербестігі 72 сағатқа дейін жетеді. Яғни реактор адам араласуынсыз өздігінен тоқтап, үш тәулік бойы қауіпсіз жағдайда бола алады», деп түсіндіреді Ә.Махамбетов.
Ағымдағы қолданыстағы жұмыс істеп тұрған реакторлар үшін ауыр апат ықтималдығы 10 млн жылда бір келуі мүмкін деп қарастырылады. Қазіргі жетілдірілген технологиялар тәуекелдерді азайтуға кепілдік береді. Сондықтан әлем атом электр стансаларын пайдаланудан бас тартпайды. Чернобыль трагедиясынан кейін атом энергетикасын пайдаланудан мүлде бас тарту туралы түбегейлі шешім қабылданған елдерде (мысалы, Германияда) қазір атом реакторларына қайта оралу туралы пікірталас жандана түсті.