ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі Достоевский көшесінде орналасқан дәмхананың ас бөлмесінде өрт шыққан. Қызыл жалын төбе жабынын, терезе және есік блоктарын, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыды.
Өртті бірінші болып жақын жерде тұратын Дәурен Жанбаев байқаған. Бірден өрт сөндірушілерге хабар берген ол сол жерге барып, 1995 және 1985 жылы туған дәмхананың екі қызметкерін сыртқа алып шықты.
«Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жаудың шығуына – электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болуы мүмкін. Дәуреннің батыл қимылының арқасында өрттен ешкім зардап шеккен жоқ», делінген ақпаратта.
Бейбіт күннің батыры қала мектептерінің бірінде директордың орынбасары болып жұмыс істейді.