Кеше Ұлттық банктің Алматыдағы ғимаратында банк төрағасы Қайрат Келімбетов ұлттық валютаның тұрақтылығы мен бірқатар қаржы мәселелеріне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.
Бас банкирдің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылғы наурызда Ұлттық банктің халықаралық резервтері ұлғайып, жалпы халықаралық резервтері 26,5 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 2,0 пайызға өскен. Жыл басынан бергі бұл көрсеткіш 7,5 пайызды құрап отыр. Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 0,7 пайызға артып, 25,7 миллиард АҚШ долларын құраған. Ішкі валюта нарығында валютаны сатып алу және Ұлттық банктегі Үкіметтің шоттарына валютаның келіп түсуі, Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету, Ұлттық қор активтерін толықтыру, сондай-ақ банктердің Ұлттық банктегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың төмендеуімен бейтараптандырылған. Нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2014 жылғы наурызда 1,5 пайызға ұлғайса, тиісінше алтындағы активтер жүргізілген операциялар және оның әлем нарықтарында бағасының өсуі салдарынан 1,5 пайызға төмендеген.
«2014 жылғы наурызда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 181,78 бен 184,08 теңге аралығында өзгерді. Айдың соңында теңгенің биржалық бағамы бір айда 1,1 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 182,06 теңге болды», дейді Ұлттық банк төрағасы.
Жалпы алғанда, ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 2014 жылғы ақпанмен салыстырғанда 15,3 пайызға төмендеп, 9,2 миллиард АҚШ долларын құраған.
Басқа да мәліметтерге көз жүгіртсек, азық-түлік тауарлары нарығында 2014 жылғы наурызда көбінесе жемістер мен көкөністер біршама қымбаттаған. Мысалға, пияз – 12,1%, орамжапырақ – 9,0%, картоп – 6,8%, қант – 5,8%, балық және теңіз өнімдері – 1,8%, күріш – 1,7%, сүт өнімдері – 1,2%, ұн – 0,9%, нан 0,8% қымбаттаса, керісінше жұмыртқаның бағасы – 2,8%, қарақұмық жармасы – 1,5% және күнбағыс майы 0,6% төмендеген.
Банктердің экономиканы несиелендіруінің жалпы көлемі 2014 жылғы ақпанда 12069,4 миллиард теңгені құрап, 6,7 пайызға өскен.
Ұлттық валютадағы несиелердің көлемі 7940,6 миллиард теңгеге дейін, яғни 0,3 пайызға ұлғайып, шетел валютасындағы несие көлемі 4128,8 миллиард теңгеге дейін (21,4 пайызға) өсіп отыр. Теңгедегі несиелердің үлес салмағы бір айда 69,9 пайыздан 65,8 пайызға дейін төмендеген.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.