Қазақстан • 30 Мамыр, 2022

Күнбағыс майын экспортқа шығару мерзімі ұзарады

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі күнбағыс майы мен күнбағыс тұқымдарын елден әкетуге арналған квоталардың қолданылу мерзімі ұзартылатын бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күнбағыс майын экспортқа шығару мерзімі ұзарады

«Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» АШМ-нің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы бұйрығы 2022 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болды.

Енді осы өнімді әкетуге шектеулерді 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзарту жоспарланып отыр.

Уәкілетті орган 2022 жылғы 8 шілдеден кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында 2022 жылғы шілде-қыркүйек аралығында ел аумағынан күнбағыс тұқымдарын әкетуге квота алуға өтінімдер қабылдау туралы хабарландыру орналастырады.

Хабарландыруда: тауардың атауы, бөлінетін квотаның ай сайынғы көлемі, бір өтінім беруші үшін өтінім беруге рұқсат етілетін ай сайынғы лимит, Республиканың ішкі нарығына күнбағыс майын кепілді жеткізудің көлемі, квота алу үшін қажетті құжаттардың тізбесі, өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу күні мен уақыты, уәкілетті органның заңды мекенжайы, уәкілетті орган кеңсесінің электрондық мекенжайы көрсетіледі.

Күнбағыс тұқымына квота мөлшері 140 000 тоннаны құрайды, 1 шілдеге дейін ол 125 000 тоннаны құрады. Күнбағыс майы мен оның фракцияларына арналған квота 114 000 тонна болады.

Құжат 10 маусымға дейін жария талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.