Ата Заңымызда адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген. Маңызды құжатта еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары ерекше көрсетілген. Сондықтан мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына айрықша мән беріп келеді. Алайда, кейде халықтың құқығы ескерілмей жататыны да жасырын емес. Кездесу барысында депутаттар осы мәселені қозғады.
Сұрақ-жауап кезінде қатысушылар, әсіресе жастар жағы өз құқықтарын білетінін аңғартты. Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева кездесуде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты заңнамалық маңыздылығына тоқталды. «Құқықтық мемлекеттің негізгі құрамдас бөлігі – адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру. Конституциядағы жаңа бап және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заң болашақта уәкілдің толық тәуелсіз және тек заңға бағынатындай жағдай жасайды. Кез келген тұлғаға немесе мекемеге өз функциялары мен міндеттерін орындатуға тыйым салынады. Омбудсмен ешбір саяси партияның мүшесі бола алмайды. Яғни, адам құқығын, әрбір қазақстандықтың құқығын қорғайтын толық тәуелсіз институт пайда болады», деді құзырлы органның қызметін атап өткен депутат.
Ал Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев жер, су ресурстары халықтың меншігінде болатынын атап өтті. «Еліміздің ұлан-ғайыр жері әрбір тұрғынға тиесілі, шетелдіктерге берілмейді және сатылмайды. Халық өз игілігіне тиімді пайдаланып, қастерлеу қажет. Өзен-көл, тау сулары да ел азаматтарына тиесілі. Бір есте сақтар нәрсе әрбір тіршілік көзін табиғат берген қалпында ұрпаққа аманат етулеріміз қажет», деді сенатор.
«Референдум: 2022 заманауи өзгерістер» іс-шарасы барысында университет профессорлары Арман Шөкеев, Сергей Ударцев, Индира Мұратова да ой-пікірлерін ортаға салды. «5 маусым еліміздің Конституциялық заңына өзгерістер енгізілетін тарихи сәт. Еліміздің әрбір азаматы бұл саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытуы тиіс. Тек сонда ғана Жаңа Қазақстанға қол жеткізе аламыз», деген оқытушылар дауыс беруге қатысудың маңыздылығын алға тартып, студенттерді референдумды бірауыздан қолдауға шақырды.
М.Нәрікбаев атындағы Қазақ МЗУ конституциялық өзгерістерді жастарға жіті түсіндіруде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына айтарлықтай үлес қосып келеді. Мәселен, «Қазақстанның 2022 жылғы конституциялық реформасының қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудағы маңыздылығы» дәрісіне Сенат депутаты Қанатбек Сафинов шақырылып, студенттермен бірге елдегі басты мәселелерге талдау жасалды. Оның айтуынша, референдум – маңызды саяси өзгеріс. Себебі, 1995 жылдан бері Конституцияға демократты түрде өзгерістер енгізілмеген. Дәріс кезінде Қ.Сафинов жастардың жұмыссыздық мәселесін де қозғады. «Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 40 пайызы өз мамандығымен қызметке бармайды. Ал 12%-ы аяқтаған мамандығы бойынша мүлдем жұмыс та іздемейді» деді дәріс барысында депутат.