Қазақстан • 31 Мамыр, 2022

Кітап жәрмеңкесі – мереке һәм маңызды табыс көзі

789 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан «Алматы кі­тап жәр­меңкесі» биыл да ойлы оқыр­маны мен баспа үйлерінің, танымал қаламгерлердің басын қосып, Алматы қаласындағы Ғылым Орда­с­ы орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы атшаптырым алаңды үш күн бойы нағыз рухани көмбеге айналдырды. Қаз-қатар тізілген аппақ шатырларда қызып жатқан кітап саудасы Қазақстан өнер шеберлері шырқаған әнмен сүйе­мел­деніп, шаһар аспаны шабытпен оқылған ақындар жыры мен төгілген күйге тербеліп тұрды.

Кітап жәрмеңкесі – мереке һәм маңызды табыс көзі

Ауа райының қолайсыз, күннің жауынды болғанына қарамастан жақсы бас­таманы қолдап, кітап мерекесіне ке­л­­­гендердің қарасы қалың болды. Кі­тап жәрмеңкесінің мереке әрі маңыз­­ды бизнеске айналғанын көрме қонақ­тарының  сүйікті авторларымен кездесуге асығып, кітабын қолтаңбамен сатып алып жатқанына қарап бағамдауға болады. Кітап нарығының жаңалықтарымен танысуға келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев  пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев салтанатты жиында сөз сөйлеп, баспагерлермен тілдесті.

– Бұл жәр­меңкеге отандық 55 кі­тап мекемесі мен Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан секілді көршілес елдерден баспагерлер мен арнайы делегация қатысып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі кітап ісі саласындағы оң бас­тамаларды әрдайым қолдап келеді. Атап айтқанда, биыл жаңа «Қазақ әдебиеті» сериясымен жас қаламгерлер мен жаңа есімдердің шығармалары арнайы логотиппен басып шығарылады. Оған қоса, «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті» сериясымен жалпы таралымы 72 000 данада балалар әдебиетін басып шығарып, мемлекеттік кітапханаларға таратуды көздеп отырмыз. Министрлік биыл алғаш рет республикалық деңгейде «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Аталған жобалар аясында балалар әдебиеті авторлары мен жас қаламгерлерді қолдап, отандық авторлардың комикстерін, балаларға арналған өзекті әдебиеттерді басып шығару қарастырылуда, – деді Д.Абаев салтанатты жиынды ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, министрлік 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайын­дау туралы жобаны әзірлеп жат­қа­нын сүйіншіледі. Президенттік сыйлықты тағайындауда проза, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті номинацияла­ры енгізіледі. Аталған сыйлықты Қазақ­станның 19 бен 29 жас аралығындағы азаматтарға табыстау қарас­ты­рылған. Мәдениет және спорт минис­трі әлем елдеріндегі мәдени іс-шара­лар тәжірибесін негізге ала отырып, осын­дай ауқымды кітап жәрмеңкесін ұйым­дастыруға ерекше қолдау білдірген Алма­ты қаласының әкімдігіне алғыс айтты.

Кітап пен қаламгердің насихаты үшін таптырмас іс-шараға айналған кі­тап жәрмеңкесінде әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесулер, жаңа кітап­тардың тұсаукесер рәсімдері және маңызды тақырыптар бойынша маман­дардың қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Қазақстанда кітап мәдениетін дамытуды басты бағдары етіп отырған Мәдениет министрлігі осындай жәрмеңкені әр өңірде өткізуге дайын екенін жеткізді.

 

АЛМАТЫ