Спорт • 31 Мамыр, 2022

Жүлдеге іліге алмады

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мажарстанның астанасы – Будапешттен бастау алған велошабандоздар арасындағы ең белді жарыстардың бірі – «Джиро д’Италия» көпкүндігі кеше Италияның Верона қаласында өз мәресіне жетті.

Жүлдеге іліге алмады

Үш аптаға созылған бәсекеде велошабандоздар Мажарстан мен Словенияның шекарасын кесіп өтіп, Италиядағы жарыс кезеңдерін қоса есептегенде, жалпы ұзақтығы 3445,6 шақырым жолды артта қалдырды. Сондай-ақ спортшылар осы аралықта биік­тігі 50 шақырымға дейін же­тетін Этна, Блокхаус, Мор­тироло, Пордой, Федайя сияқты таулы кезеңдерді де бағындырды.

Биыл 105-ші мәрте ұйым­дастырылған «Джиро д’Италия» додасы Мажарстанда жалпы кезеңмен басталып, жекелей жарыс кезеңімен мәресіне жетті. Верона қаласының 4-санаттағы биік шыңымен өткен соңғы жарыс күнінде 25 жастағы Италия чемпионы Маттео Собреро (Bike­Exchange – Jayco) жеңімпаз атанды. Ол 17,4 шақырым қа­шық­тықты 22 минут 24,54 секундта орташа 46.588 км/сағ жыл­дамдықпен жүріп өтті. Мәре сы­зығын жеңімпаздан 15 секунд кейін кескен Team DSM вело­командасының өкілі Тимен Аренсман (Нидерланд) екінші орынға ие болса, тағы бір нидер­ландтық велошабандоз Матье ван дер Пул (Alpecin-Fenix) үшінші орынға табан тіреді. Ол Мат­тео Собре­родан 33 секундқа қа­лып қойды.

BikeExchagne-Jayco вело­ко­­ман­дасының өкілдері биыл­ғы «Джиро д’Италияның» екі бір­дей жекелей кезеңінде үздік шық­ты. Будапештте 9 ша­қырым­ға созылған алғашқы жекелей жа­рыс­­та Саймон Йейтс топ жарса, күні кеше Маттео Собреро алды­на жан салмады. Сондай-ақ С.Йейтс 14-кезеңнің жеңімпазы атанды.

Соңғы кезеңдегі М.Собре­роның жеңісі жалпы есептегі үздік үштіктің нәтижесіне еш әсер еткен жоқ. 21 кезеңнің қо­рытындысы бойынша, биылғы «Джиро д’Италия» додасында 26 жастағы аустралиялық Джей Хиндли (Bora-hansgrohe) 86 сағат 31 минут 14 секунд көрсеткішімен бас жүлдені жеңіп алды. Бұл оның карьерасындағы төртінші «Джиросы» болды. 9-шы ең биік таулы кезеңде жеңімпаз атан­ған Хиндли 14-кезеңнен 19-кезеңге дейін жалпы есепте эква­дорлық Ричард Карапасты (Ineos) өкшелеп келді де, соңғы аса күрделі таулы 20-кезеңде оны шаң қаптырып, көшбасшыға тиесілі қызғылт жейдесін киді. Ал жалпы есепте екінші орын­ға табан тіреген Р.Карапас аустра­лиялықтан 1 минут 18 секундқа қалып қойса, үздік үштікті Джей Хиндлиден 3 минут 24 секунд ұтылған «Астананың» экс-вело­шабандозы испаниялық Микель Ланда (Bahrain Victorious) қоры­тындылады.

Ал қазақстандық «Астана» велоклубының өкілдері арасында ең үздік нәтижеге «Джиро д’Италияның» екі дүркін же­ңім­пазы, 37 жастағы ардагер ве­­лошабандоз италиялық Вин­ченцо Нибали қол жеткізді. Же­ңімпаздан 9 минут 2 секундқа қалып қойған Нибали жалпы есепте төртінші орынға тұрақ­тады. Astana Qazaqstan Team бас­шылығының әуелгі жоспары бойынша биылғы додада Мигель Анхель Лопеске сенім артылып, бүкіл коман­даластары колумбия­лықтың көм­беге қарай ер­кін же­туі­не мүм­­кіндік жа­сауға тиіс еді. Алай­­да Лопес «Джиро­ның» 4-кезеңінде жарақатына бай­ланыс­ты жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Сөйтіп, коман­даның бар жауапкер­ші­лігі Вин­ченцоға жүктелді. Жарыс бел ортаға таяған тұста, яғни 9-кезеңде Нибали сегізінші орын­ға табан тіресе, 14-кезеңде жүл­делі орынға бір саты қалғанда тоқ­тады. Сөйтіп, осы кезеңнен бастап ол жалпы есептегі ТОП-10 велошабандоздың қата­рына қо­сылды. Одан кейін «Ас­тана» капитаны 16-кезеңде бесін­ші, 18-кезеңде төртінші орынға кө­терілді. Дүбірлі дода аяқ­тал­ғанға дейін Винченцо сол орнын сақтап қалды.

Биылғы «Джиро д’Ита­лия­ның» жекелей аталымдарына тоқталар болсақ, 30 жас­тағы фран­циялық Арно Демар (Groupama-FDJ) карьерасында екінші рет ұпай классификациясында топ жарса, 28 жастағы нидерландтық Кун Бау­ман (Jumbo-Visma) таулы кезеңінің үздігі атанды. Сондай-ақ Trek-Segafredo командасының испаниялық өкілі Хуан Педро Лопес жарыстың ең үздік жас велошабандозы атағына ие бол­ды. Бұл сында 22 жастағы қа­зақстандық Вадим Пронский бе­сінші орынға тұрақтады. Ал Bahrain Victorious велоклубы ко­мандалық жалпы есепте үздік шық­ты. «Астана» ұжымы бесінші сатыға жайғасты.