Оқиға • 31 Мамыр, 2022

Хаменова ісі: Басты сот отырысы өтетін күн белгіленді

5404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты басты сот отырысы 14 маусымда өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Хаменова ісі: Басты сот отырысы өтетін күн белгіленді

Іс Атырау қаласының №2 сотында қаралады.

Бұған дейін Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа жеткенін жазған едік. Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесінің 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС-нің директорына қатысты қылмыстық іс түскен.

«Осыған байланысты басты сот отырысын өткізу жөнінде шешім қабылданды. Басты сот отырысын 2022 жылғы 14 маусымда сағат 14:45-те өткізу тағайындалды», деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсанда қамауға алынған. Онымен бірге мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пара алу күдігіне ілінген.

Күдіктілерге Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігімен қылмыстық іс қозғалды.

Атырау облысының арнайы тергеу соты уақытша ұстау изоляторында отырған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы санкция берген болатын. Кейін ол тергеу изоляторына қамалды. Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен (көп мөлшерде пара алу) тергелді.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқаруға 2020 жылдың 13 желтоқсанда тағайындалған.