
Әлеуметтік осал отбасынан шыққан балаларды қолдаудың жаңа тетіктері туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазды.
«Көптеген зерттеу дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Жоғары оқу орындарына іріктеу жүйесі, университет гранттарын бөлу, дарынды балаларға арналған арнайы мектептер, түрлі олимпиадалар, байқаулар өткізуде, педагогтерді бағалау кезінде де үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс істегеніне емес, дәстүрлі түрде жетістікке жеткен оқушыларының нәтижесіне назар көбірек аударылады. Әрине, мұны емтихан тапсырып, ең жоғары балл алғандықтан әділ деуге болады. Бірақ ата-аналар дарынды балаларға арналған мектептерге түсу үшін репетитор көмегіне жүгініп жататыны да белгілі. Әдетте әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардың мүмкіндіктері бірдей емес. Бұл меритократияның (әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан қабілетті адамның жетекшілік етуін талап ететін басқару қағидасы) «қараңғы» тұсы», дейді А.Аймағамбетов.
Министрдің ойынша, іріктеу барлығына тең және әділ болуы керек, бірақ іріктеу жүйесі әлі де толықтыруды қажет етеді. Сондай-ақ бұл жерде меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау маңызды. Осыған байланысты мектептерде, колледждер мен университеттерде осы мәселені теңестіру үшін өзгерістер жүзеге асырылмақ.
«Биыл біз әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15%-дық квота енгізу туралы шешім қабылдадық. Яғни енді осындай отбасынан шыққан 2 мыңнан аса бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және т.б мектептерге оқуға түсе алады. 15% деген көп емес. Сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауға негіз жоқ. Осыған қоса «Сандық (цифрлы) репетитор» жобасын енгізіп жатырмыз. Жаңашылдықтың мақсаты – әлеуметтік осал отбасынан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру. Біз «Қазақстан халқы» қорынан осы жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұрадық», дейді ведомство басшысы.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен қосымша 45 мың грант бөлінді. Бұл біліммен қамтуды арттыру мақсатында әкімдіктер мен жергілікті колледждерге беріледі. Әкімдіктердің қаржыландыруы жеткіліксіз болғандықтан, көбі колледжде оқуға тегін грант ала алмаған. Осылайша, колледждерге бөлінген жалпы грант 125 мыңға көбейді.
«Былтыр гранттарды бөлу кезінде біз алғаш рет әлеуметтік осал отбасынан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгіздік. Осының нәтижесінде өткен жылы мүмкіндігі аз болғандарға енді мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Осы студенттердің бірінші оқу жылының нәтижесін және осындай шешімнің тиімділігін көріп, болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15%-ына жеткізуді жөн көрдік. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджетте оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар осы жылы ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасын 35 пайызға дейін ұлғайтып жатырмыз», деді министр.