Қоғам • 01 Маусым, 2022

«Балаға лайық» жобасы келеңсіздіктерді анықтайды

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі «Балаға лайық» акциясын ұйымдастырған болатын. Бұл науқан мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жағдайын ерекше бақылауға алуды көздейді. Жақында осы акцияның аралық қорытындысы шығарылды.

«Балаға лайық» жобасы келеңсіздіктерді анықтайды

Білім және ғылым ми­нистр­лігіне қарасты Балалар құқықтарын қорғау коми­теті­не бір айда 110 нысандағы келеңсіздіктер туралы 1 мың­нан аса хабарлама түскен. Шағымдардың басым бөлігі мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдайларға байланысты болды.

Аталған комитет елі­міздегі оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп, мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемші­ліктерді анықтау, мектептерді жабдықтау және оларды ұс­тауға қаржы алатын әкім­дік­термен ескертулерді жою мақсатында «Балаға лайық» акциясын бастаған.

Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төраға­сы Есенғазы Иманғалиев: «Ак­цияның бірінші кезеңі аяқталды. Жұмысты белсенді жүргізу үшін барлық облыс­тың білім басқармаларымен, балалар өкілдіктерімен онлайн кездесулер өткізіл­ді. Білім беру ұйымдарында мессенджерлердің QR-код­тары бар буклеттер тара­тыл­ған», деді.

Е.Иманғалиевтің мәлім­деуін­ше, білім ордалары­ның санитарлық-тұрмыстық жағ­дайы мен асханалары­ның жай-күйіне қатысты барлық ша­ғым әкімдіктерге жіберіле­ді. Акция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулерді жоюға 1 қыр­күйекке дейін уақыт берген. Нәтижесінде Instag­ram-дағы @balaga.laiyq парақ­шасында мектеп әжет­ханалары мен асха­наларының «дейінгі және кейінгі» фото-видеолары жарияланады.

Акцияның екінші кезеңі жаңа оқу жылында бас­талады. Бір ай бұрын басталған акция «Мектептің жақсаруы­на көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Мониторинг жазалау үшін емес, балаларға сани­тар­лық-гигиеналық жағ­дай­лар жасалмаған білім беру ұйым­­дарын анықтауға ба­ғыт­талған. Бұл ретте мектеп ас­ха­наларында проблемалы жуы­натын бөлмелер, заң бұзу­шы­лықтар жайлы хабар берген­дердің аты-жөні, олар туралы ақпараттардың жарияланбайтынына кепілдік беріледі.

Осыған дейін министр­лік бірқатар облыстың әкім­діктеріне ауладағы дәрет­ханаларды жою және мектептерде балаларды қорғау үшін дабыл түймелерімен, бейне­камералармен және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен жұмыс жүргізбеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы хат жолдаған еді.

 

Балжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

2-курс студенті