Елорда • 01 Маусым, 2022

Елордадағы «Күй жәрмеңкесі»

362 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы Дина Нұрпейісованың ескерткіші жанында Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі, қалалық жастар саясаты басқармасы және «Күй анасы» республикалық қорының ұйымдастыруымен «Күй жәрмеңкесі» өтті. Айта кетейік, күй өнерін дәріптеп, келешек ұрпаққа насихаттау мақсатын көздеген мәдени іс-шара биыл екінші рет өтіп отыр.

Елордадағы «Күй жәрмеңкесі»

Жәрмеңкеде Батыс Қазақстан облысы, Жаңа­қала ауданының Қ.Жантілеуов атындағы саз мек­­тебінің ұлттық аспаптар оркестрі өнер көр­сетті. Алғашқы «Күй жәрмеңкесінің» жеңім­пазы Нарқыз Қасымова мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақеділ Ұзақов өз өнер­лерін көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сон­дай-ақ іс-шара барысында қатысушылар Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, күйшінің рухына тағзым етті. 

Мәдени жиынның бір ерекшелігі – көрер­мен арасынан өнерпаздар ортаға шығып, күй тартты. Ерекше өнерімен көзге түскен көрер­менге ұйымдастырушылар атынан үкілі домбыра мен «Күй анасы» кітабы табысталды.

«Бастамамыздың мақсаты – жас ұр­пақтың санасына төл өнерімізді сіңіру. Бұл үрдіс алдағы уақытта тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, республикамыздың барлық өңірінде де жалғасын тапса дейміз.  Еліміздегі қаншама талантты балалардың өнерін тамашалап, төл өнерімізге деген махаббатын арттыру мақсатында ұйымдастырған жәрмеңкемізге келген барша көрерменге алғысымызды білдіреміз. Ұлттық өнерді сүйе­тін, дәріптейтін ұрпағымыздың бары бізді қуантады», дейді қоғам қайраткері, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев.

Еске сала кетсек, Дина Нұрпейісованың ескерт­кіші былтыр «Ұлттық домбыра күні» қарсаңында ашылған еді. Ескерткіш авторы –  мүсінші Жалын Бауырқан.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің студенті