Өткен сенбіде аталған пойыздың 5-вагонына Құрманғазы ауданының орталығынан Кенжегүл Қайырболатова мінген. Мақсаты – Атырау қаласына жету. Алайда таңғы сағат 5-те жүкті келіншектің толғағы басталған. Пойыз бастығы Сәуле Ілиясованың жолсеріктер бригадасы көмекке ұмтылады. Нұсқаулыққа сәйкес болған жайтты машиниске хабарлап, жедел жәрдем бригадасын ең жақын стансаға шақыруға шешім қабылдайды.
Алайда жедел жәрдем бригадасын күту мүмкін болмады. Пойыз жолсеріктері Мырзагүл Қаражігітова, Марияш Оразғалиева мен Лаура Камалова жүкті әйелді босандыруға кіріседі. Таңғы сағат 05:30-да жедел жәрдем көлігінде емес, пойыз вагонында кішкентай бұрымды дүниеге келді.
– Жолаушылар пойызында жұмыс істеген 15 жылда алғаш рет жүкті ананы босандырдық. Біздің компанияда осындай тосын жағдайда әрекет етуге үйретеді ғой. Сондықтан біз әр кез жолаушыларға көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді Сәуле Ілиясова.
Атырау стансасында жедел жәрдем қызметкерлері жаңа туған сәбиді анасымен бірге күтіп алды. Дәрігерлер ананың да, сәбидің де денсаулығын жіті тексерді.
– Толғақ басталғанда, алдымен сәбиімнің денсаулығы үшін алаңдадым. Бірақ жолсеріктердің жедел көмегінің нәтижесінде вагонда аман-есен босандым. Бұл – естен кетпейтін оқиға. Кейін қызым өскенде, қалай, қайда өмірге келгенін айтып беремін, – дейді Кенжегүл Қайырболатова.
Атырау облысы