Үкімет • 01 Маусым, 2022

Үкімет басшысы Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамытуды тапсырды

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов елдегі туризмнің дамуын тежеп отырған мәселелерді атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет басшысы Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамытуды тапсырды

«Кейбір демалатын жерлерге әуе және теміржол тасымалының болмауы, демалыс маусымында жол қатынасының қиындығы – туризмнің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі. Осыған байланысты, Индустрия министрлігі интермодалдық жолаушылар тасымалын дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеп, авиа, авто және теміржол көліктерінің ыңғайлы бағыттарын қамтамасыз етуі қажет», деп атап өтті Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге туристік сала мамандарын кәсіби даярлауға жүйелі тәсіл керек екенін баса айтты.

«Қолданыстағы бағдарламалар туризм саласының нақты қажеттіліктеріне сай келмейді. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты, оның ішінде Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің базасында күшейту қажет.

Жалпы туризм саласының дамуында оң динамика бар, осы орайда кей мәселелерге көңіл бөлу керек. Өңір әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз етсін», деді Ә. Смайылов.

Одан бөлек, Мәдениет министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бірінші кезекте туристердің қауіпсіздігі мен қызмет сапасын арттыруды көздейтін туристік өнімдер ұсыну тапсырылды.

«Ең бастысы, туристерге қызмет көрсету сапасына назар аудару керек және биотуалеттер мәселесі шешілуі тиіс. Бұл туристер санының өсуіне ықпал етеді. Отандық және шетелдік туристер көбіне дәл осы сервистің нашарлығын айтып, шағымданады. Сондықтан бұл мәселені мұқият пысықтау қажет. Үшіншіден, Мәдениет министрлігі Экология министрлігімен және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамыту жоспарын бекітіп, ондағы шараларды іске асыруға кіріссін. Өздеріңіз білетіндей, бұл туралы Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Ол нақты орындалуы тиіс», деді Ә. Смайылов.

Аяна Тоғанбек