Қоғам • 01 Маусым, 2022

Газға қосылу жеңілдейді

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газға қосылу үшін техникалық шарттарды алу жылдам әрі қолжетімді болады. Табиғи монополияларды реттеу комитеті осыған сендіріп отыр.

Газға қосылу жеңілдейді

Бүгінде республиканы газдандыру ма­ңызды мәселе екені анық. Әсіресе Нұр-Сұл­тан қаласын, Қарағанды, Ақмола облыс­тарын және солтүстік өңірлерді газдан­дыруға ерекше мән берілген. Сондықтан тұтынушыларды газға қосу процесін жеделдету мақсатында техникалық шарттарды алуға арналған құжаттар санын қысқарту жүргізілуде.

Бұған дейін тұтынушы орталықтан­ды­рылған газбен жабдықтауға қосылу үшін 8 құжат жинауы қажет еді. Әлбетте, бұл қосылу процесін айтарлықтай кешіктірді. Енді тұтынушыға тек 4 құжат қана қажет. Атап айтқанда, бірінші құжат – нысан иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (жеке тұлғалар үшін), куәліктің көшірмесі немесе қызметтің басталғаны туралы хабарламаның көшірмесі (жеке кәсіпкер үшін), мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (заңды тұлғалар үшін). Екінші құжат – жер учаскесіне тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәліметтер не жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар. Үшінші құжат – ны­санның орналасу сызбасы. Төртінші құжат – көпқабатты үйлерді газдандыру кезінде шикі газды тұтынуға, тамақ дайын­дауға, жылытуға, желдетуге, ауа бап­тауға, ыстық сумен жабдықтауға арналған гидрав­лика­лық есептеулер (заңды тұлғалар үшін).

Бұл үшін Табиғи монополияларды реттеу комитеті мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиясыздандыру бойынша шараларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ еліміздің газдандырылған өңірлерінің тұрғындарын газға қосуды ынталандыру мақсатында тиісті құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүр­гізуде. Оның ішінде техникалық шарттарды алу рәсімін оңайлатуда.

Жоғарыда аталған өзгерістер газға қосы­лу барысында техникалық шарттар алған кезде құжаттар санын қысқартуға мүм­кіндік береді. Бұл шара адамдарға жеңіл­детілген тәртіппен техникалық шарттар алуға және ағымдағы маусым барысында уақыт пен ақшаны үнемдей отырып, газға жылдам қосылуға жол ашады. Осылайша, халықтың газға тез көшуіне ықпал етеді.

Бүгінгі таңда бұйрық жобасын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісу жүргізілуде. Сондай-ақ халықты газдандыру тұрғындардың жайлылығына ғана емес, қоршаған ортаға тікелей қатысы бар екенін атап өткен жөн.