Партия отырысын ашқан филиал төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Сәбит Есмұратов алдағы саяси науқанның азаматтық қоғам қалыптастырудағы орны ерекше екенін атап өтіп, 5 маусымда сайлау учаскесіне барып, тікелей дауыс беру ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір тұрғынның азаматтық борышы екенін баса айтты.
– Бүгінде партия мүшелері ауыл-ауылды аралап, ауылшаруашылық құрылымдары ұжымдарымен кездесіп, референдум төңірегінде сөйлесіп, пікір алысып, қарапайым тұрғындардың түсінбеген дүниелерін бірлесіп талқылап, түсіндіру жұмыстарын атқарып жатыр. 5 маусым – елдігіміз бен бірлігіміз сыналатын аса жауапты, маңызды күн. Осыны дұрыс түсінген ауыл жұртшылығы референдумға бір кісідей қатысып, дауыс беруге дайын отыр, – деді партия филиалының төрағасы.
М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің профессоры Раиса Притула бұл жолғы референдумды «жаппай реформалардың бастауы» деп бағалап, алдағы саяси науқанның нәтижесінде мемлекеттік жүйедегі демократиялық институттардың белсенділігі арта түсетінін алға тартты.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Денис Качеевтің пікірінше, алдағы жексенбі бүкіл ел болып Жаңа Республиканың іргетасын қалайтын күн.
– Қазақстан Конституциясы ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі, елдің мемлекеттілігі мен егемендігінің құқықтық негізі, Адам бостандығы мен мемлекет мүддесінің кепілі. Референдум – халық билігінің айқын үлгісі, әрбір қарапайым тұрғынның өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы Жаңа Қазақстанды құруға тікелей үлес қосуының жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды, Екінші республика құру идеясының референдум өткізуден бастау алуы ел дамуында ерекше орын алатын тарихи оқиға, – деді Д.Качеев.
Жиын соңында «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының өкілдері бірқатар кәсіпкерлер мен ұстаздар қойған сауалдарға жауап берді.
Қостанай облысы